Астанада өтетін ЕХРО-2017 көрмесіне Украинадан 10 мыңдай компания қатысуға ниетті. Сол үшін олар елдің «жасыл энергиясы» саласындағы әлеуетін көрсетіп, елге жаңа инвестиция тартуды көздеп отыр.

 

СЕРГЕЙ СВИСТИЛЬ, УКРАИНАНЫҢ САУДА-ӨНДІРІСТІК ПАЛАТАСЫНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ:

 - Украинаны көрмеде кеңінен таныстыру үшін ақпараттық-іздеу жүйесін әзірлеп жатырмыз. Оған болашақ энергиясы саласында ізденіп, еңбек етіп жүрген кәсіпорындардың өнімдері мен инвестицияны қажет ететін аймақтар туралы ақпарат жүктеледі. Әрине Қазақстаннан инвестиция тартуға мүдделіміз.  

 

ЕХРО көрмесі аясында 15 маусым күні Украинаның Ұлттық күні өтеді. Онда іскерлер үшін де, қонақтар үшін де пайдасы тиер шаралар ұйымдастырылмақ.

 

КОНСТАНТИН ГУРА, УКРАИНАНЫҢ ЭНЕГРИЯ ТИІМДІЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК АГЕНТТІГІНІҢ ӨКІЛІ:

 - Украинаның Ұлттық күні аясында өтетін бизнес-семинарға кәсіпкерлеріміз белсенді қатысады деп үміттенеміз. Өйткені бұл шара еліміздің жетістіктері мен инвестициялық жобаларын көрсетуге жақсы мүмкіндік береді. ЕХРО болашақта осы саладағы нарықтың қалыптасуына сүбелі үлес қосатын маңызды шара болайын деп тұр. Сондықтан Украина көрмеге жоғары деңгейде қатысып, өзін көрсетуі тиіс.

 

Атқарылып жатқан іс-шараның тағы бір мақсаты – украиналық саяхатшылардың назарын қазақ жеріне аудару. Барыс-келісті күшейту мақсатында Қазақстанның Украинадағы елшілігі жергілікті туристік компанияларға роуд-шоу ұйымдастырды.

 

РОЗА АСАНБАЕВА, «АСТАНА ЭКСПО-2017»  ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

 - Халықаралық мамандандырылған көрме - кез келген туристік компанияның, оның ішінде украиналық әріптестеріміздің туристік пакетін байыта түсуге зор мүмкіндік береді. Әзірге Украинаның тек екі туристік агенттігімен ғана әріптестік орнатқанбыз. Бірақ бүгін роуд-шоуға келгендердің қарасы көп. Бұл ЕХРО-ға деген қызығушылықтың артып жатқанын айғақтайды.

 

Украинада ЕХРО-2017 көрмесіне қатысуға ниетті компаниялар мен іскер топ өкілдері тұрақты түрде кездесіп тұрады. Әр жиын сайын көрмеге қызығушылық танытушылар да артып келеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер