Қарт Каспийдың жағасындағы Ақтау қаласында айрықша дәмхана ашылды. Мұнда бас сұққан жан қазақы дастарханнан дәм татып, ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарымыздан да ауыз тиеді. Іші киіз үйге ұқсатып безендірілген. Келген жан аяқ киімін есік алдына шешіп, төрге озады. Құрақ көрпеге жайғасқан соң, қолыңызға су құйылады. Алдымен күрең шай мен бауырсақтан дәм татып, сонан соң ас мәзіріне көз саласыз. Тағамдар тізімін жорық қуырдақ бастап тұр. Оған  сұраныстың жоғары болуы себеп.

Туралып, тұздалған марқа, не бұзау еті қарынға салынып, бұқтырылады. Төлдің жас болуына орай, тағам тіске жұмсақ, жұғымды келеді. Бастысы, қазанда тез піседі. «Жорық қуырдақ» ерте заманда жауға қарсы жорыққа аттанған жауынгер-жасақтың жеңсік асы болған деседі. Тұрғындар батыр бабалардың өр рухы, күш-қайраты бойға дарысын деген сеніммен құнарлы тағамға  жиі тапсырыс береді екен. 

 

АЛҚАЖАН ЕДІЛХАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: 

- Бала кезімізде ет қамыр салғанда қалың болатын еді. Себебі не, ол кезде тамақтың басқа түрі қазіргідей болған жоқ. Қамырдың қалың болуы сол заманның, кісі ағзасының талабы деп біздер түсінеміз. Шүберекпен бірдей мына балалардың бізге ұсынған асы. Қандай дәмді, қандай жұғымды.

 

Дәмхана маңынан келешекте киіз үйлер қалашығын құру жоспары бар. Кішігірім этноауылда той-садақа өтіп, туристер тамақтанбақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер