Инновация және жаңа технология – Қазақстан экономикасын жаһандық бәсекеге қабілетті ететін ең басты күш. Бұл туралы Елбасы кезекті жолдауынада айтқан болатын. Соңғы жылдары отандық ғылым жоғары нәтиже бере бастады. Қазақстандық ғалымдардың өнертабыстары белсенді түрде өндіріске енгізілуде. Мәселен Солтүстік Қазақстанда 3D принтерінің сериялық өндірісін іске қосу жоспарда бар. Әзірге сынақ ретінде екі данасы шығарылды. Жобалардың бірі Петропавлдағы Назарбаев зияткерлік мектебінде орнатылды. Құрылғы ең қарапайым бөлшекті екі сағат уақытта басып шығара алады. 

 

ДӘУРЕН ӘБІЛМАЖИНОВ, КИРОВ АТЫНДАҒЫ ЗАУЫТТЫҢ БАСҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:

 - Ол Қытайлық 3D принтерден 30 пайызға арзан. Біздің кәсіпорын құрылғыны жаппай шығаруға дайын. Айына 1000 данаға дейін шығаруға мүмкіндігіміз жетеді. Тіпті елдегі барлық 8 мың мектепке қажет принтерлерді жасап шыға аламыз.

 

Қарағандылық өнертапқыштар да әріптестерінен қалмақ емес. Олар жобаларын «G-Global» аймақтық форумында таныстырды. Мұнда күн көзінен қуат алатын әмбебап пешті, желден энергия өндіретін құрылғыны және судың көмегімен жылу беретін қондырғыны көруге болады. Басқосуға 800-ден астам адам қатысты. Форумды өткізуге Қарағандының таңдалып алынуы да кездейсоқ емес. Еліміз бойынша алғашқы «жасыл технология» орталығы осындағы агротехникалық колледждің базасында орналасқан екен. Сонымен қатар, «Онлайн-ЕХРО» байқауының үш жеңімпазы да – қарағандылықтар.

 

САЛТАНАТ РАХЫМБЕКОВА, G-GLOBAL-ДЫ ДАМЫТУ КОАЛИЦИЯСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

 - Мысалы, жылыжайдағы шығарып жатқан өнімнің 70 пайызы ол энергияға байланысты. Агроколледжді қарайтын болсаңыздар, сол жердегі энергияның 70 пайызын неден алып отыр? Күннен, желден. Соған орай, шығарып отырған өніміміздің бағасы да өте тиімді. 

Ал Қостанайда ғылым мен техника фестивалі өтті. Онда өңірдің ғылым қуған жастары мен оқушылары робот техникасының үздік үлгілерін, ауыл шаруашылығы, жасыл технологиялар, тұрғын үй құрылысы саласындағы жобаларын ұсынды. 

 

ҚАНАТ ЖҮСІПОВ, КОЛЛЕДЖ ОҚЫТУШЫСЫ:

- Біз жылыжайды басқаратын құрылғы жасап шығардық. Нәтижесінде су үнемделіп, температураны реттеуге қол жеткіздік. Бүгінгі күні барлық салаларда басқаруды автоматтандыру кеңінен қолданылауда. «Неліктен оны жылыжай шаруашылығында пайдаланып көрмеске?» деп ойладық.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер