Астана ЕХРО көрмесі жайлы мол мағлұмат беру мақсатында әлемнің бірқатар елінде роуд-шоу өткізілуде. Үгіт-насихат тобы Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде болып, қос құрлықты жалғаған Ыстамбұл қаласына да табан тіреді. Қазақстандық мамандар жылына 12 миллион турист қабылдайтын Ыстамбұлдай алып шаһардың жетекші туроператорлары мен Түркияның туризм саласының белді өкілдерімен кездесу өткізді.

 

СӘУЛЕ БӨЛЕБАЕВА, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ІЛГЕРІЛЕТУ ЖӘНЕ ТУРИЗМ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ӨКІЛІ:

- Көрмені тамашалуға келетін халықтың 15%–і шетелдік құрайды деп жоспарлап отырмыз. Еуропадан, Түркиядан, Қытай мен Ресейден және Азия елдерінен белгілі бір көлемде туристер күтеміз. Сол себепті халықаралық шара жайлы мол мағлұмат беріп, үгіт-насихат жүргізу мақсатында әлемнің бірқатар мемлекеттерінде роуд-шоу ұйымдастырдық. Оның аясында Түркиядан туристер тарту үшін туроператорларды белгілеп, олармен ынтымақтастық орнаттық.

 

Бүгінгі таңда «Астана EXPO-2017» көрмесіне 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысатынын ресми растады. Олардың арасында Түркі кеңесі халықаралық ұйымы да бар. Ыстамбұлда өткен роуд-шоуда ұйым өкілдері EXPO қарсаңында «Жібек жолы бойымен саяхат» атты жаңа туристік бағыт ашылғанын мәлімдеді. Бұл бағытпен түркиялықтармен бірге өзге де елдің азаматтары Қазақстанның туристік орталықтарын кеңінен аралай алады.    

 

САМИ ФЕВЗИОГЛЫ, ТУРИСТІК КОМПАНИЯНЫҢ БАСШЫСЫ:

-  Түріктер көбіне Қазақстанның оңтүстік өңірлері мен Самарқанға саяхаттағанды жөн көреді. Алайда біз қазақ елінің көрікті орындары мұнымен шектелмейді, өзге де аймақтарында сұлу табиғаты мен тарихи-танымдық көрнекті жерлері бар екендігін айтып, жан-жақты жарнамалаудамыз. Енді қызығушылық білдірген отандастарымызға Астанада болатын EXPO көрмесін көріп-қайтуды ұсынамыз. Өйткені бұл халықаралық шара көптің көңілінен шығатындай жоғары деңгейде өтеді деп ойлап отырмыз.

 

Жиын аясында «Астана EXPO-2017» компаниясы мен түрік туроператорлары ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойды. Ал сәуір айында әріптестік орнатқан 150-ге жуық халықаралық туроператор үшін EXPO қалашығында ақпараттық тур ұйымдастырылмақ.

 

Астанадағы көрмеге қытайлық компаниялар белсене атсалыспақ. ЕХРО –Қазақстанмен, көрмеге қатысушы өзге мемлекеттермен бизнес саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған айрықша алаң, дейді Аспан асты елінің іскерлері. Қоршаған орта мен адамзат баласына пайдалы тың жаңалықтар таныстырылатын көрмеде қытайлық CEFC (Си-И-Эф-Си) компаниясы қуат алудың жаңа технологиясымен бөлісуді жоспарлап отыр.

 

ЧЖАН CИНЬ, CEFC КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

- Астана ЕХРО көрмесі арқылы қоғамға жаңа, пайдалы дүние әкелеміз деген ойдамын. ЕХРО-да біз үш түрлі жаңалықты таныстырамыз.  Біріншісі, жел энергиясы теxнологиясы. Екіншісі, балшықты энергия көзіне айналдыру теxнологиясы. Үшінші ауа тазарту теxнологиясы. Астана ЕХРО көрмесі арқылы біз компаниямыздың жаңа иммиджін қалыптастыруға мүмкіндік алдық. Қытай павильонының негізгі серіктесі ретінде дайындық жұмыстарын жоспар бойынша жүргізіп келеміз. Қазақстандық әріптестеріміз де қолдап жатыр. Біздің алғысымыз шексіз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер