Біріккен Ұлттар Ұйымы Астанада өтетін EXPO-2017 көрмесін қолдап, кең ауқымды ақпарат таратуды көздеп отыр. Бұл туралы Ұйым Бас Хатшысының орынбасары Кристина Гайяк мәлімдеді. «Ауқымды шараны дүниежүзілік қауымдастыққа насихаттау Ұйым мен Қазақстанның ынтымақтастығына серпін берері сөзсіз»,- дейді ол.

 

КРИСТИНА ГАЙЯК, БҰҰ БАС ХАТШЫСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ АҚПАРАТ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ:

 - Елдеріңіз БҰҰ-да маңызды рөл атқарады. Қазақстан  - Ұйым күн тәртібіндегі бағыттардың бірін де қалдырмай, белсенді ат салысқан ел. Бұл бейбітшілік, даму, адам құқықтары және Қауіпсіздік Кеңесі құзырындағы мәселелер. Қазақстанның бастамаларын насихаттай отырып,  елдеріңізбен ынтымақтастығымыз әрі қарай жалғасатынын ресми мәлімдейміз. Сондай-ақ, ұйым Астанада өтетін ЕХРО көрмесіне қолдау білдіреді.  БҰҰ өз павильонында  тұрақты даму үшін қажетті энергия тақырыбын ашып көрсетпек.

 

Біріккен Араб Әмірліктерінің де аталған көрмеге  қызығушылығы жоғары. Осы елден Қазақстан елордасына ЕХРО-ны тамашалауға баратын туристердің саны аз болмайды, дейді Әмірліктердегі ең беделді 10 әйелдің тізіміне кіретін Масдар институтының ректоры Бехжат әль-Юсуф. Ол қазақстандық көрменің комиссары Рәпіл Жошыбаевпен кездесіп, әріптестктің басым бағыттарын талқылады. Бехжат әл-Юсуф EXPO 2020 жылы Дубайда өтетіндіктен, біздің елдің тәжірибесі маңызды екенін атап өтті. «Әрі экономиканы әр-тараптандыру үшін Қазақстан секілді жасыл экономиканы дамытуға басымдық беріп жатырмыз»,- деді.

 

БЕХЖАТ ӘЛ-ЮСУФ, МАСДАР ИНСТИТУТЫНЫҢ РЕКТОРЫ /БАӘ/:

- EXPO-2017 көрмесі жасыл технологиялар бағытында жұмыс істейтін ғалымдар мен сарапшылар үшін үнқатысу  алаңы болады деп есептеймін. Осы платформаны пайдалана отырып, өзара ақпарат алмасып, тәжірибемен бөлісіп, баламалы қуат көздеріне көшуге бағытталған жол картасын әзірлей аламыз. Әрине бұл іске жастарды да жұмылдарамыз. Қазір біздің ел Экспо аймағындағы өз павильонын безендіріп жатыр. Көрме кезінде түрлі талқылауларға белсене қатысамыз.

 

Астана ЕХРО көрмесіне 115 мемлекет пен 20 халықаралық ұйым қатысуға ниет білдірген. Қазір елдердің көбі өз павильондарын ұйымдастырып, әрлеуге көшкен. Халықаралық мамандандырылған көрме «Болашақ энергиясы» деген тақырыппен Астанада маусымның 10-ынан қыркүйектің 10-ына дейінгі аралықта өтеді. Оған шет елден 2,5 млн турист күтіліп отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер