Қазақстанның агроөнеркәсіп кешеніне 128 млрд теңгеден астам инвестиция тарту көзделуде. 2017-2021 жылдарға арналған саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасы елдегі дипломатиялық корпус өкілдеріне таныстырылды. Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов елде 8 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғанын атап өтті. Оған сүт, ет және өсімдік өнімдерін қайта өңдеу бағыты да енбек. Жоғары технологиялық қайта өңдеу өндірісін қалыптастыру үшін ведомство Сыртқы істер министрлігімен бірге агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тартудың бірлескен жоспарын әзірлеп отыр. Ол алдағы 3 жылда жүзеге асырылмақ. 

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ:

- Бұл мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты – агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін көрсету. Біз экспорт көлемін барынша арттыруды көздеп отырмыз. Сондай-ақ бұл салада тәжірибе алмасу мәселесі де шет қалмақ емес. Сәуір айының соңында қазақстандық мамандар бірқатар елдермен бірге суармалау мәселелеріне арналған семинар өткізбек. Бағдарлама аясында бірқатар елдерге көмек көрсетуді жоспарлаудамыз.

 

Аграрлық салаға инвестициялар тарту үшін Қазақстан тікелей инвестициялар қорын құру жұмысын қолға алып отыр. Өйткені 2021 жылға дейін ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 1 жарым млрд долларға жеткізу межесі тұр. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер