Қарағандылық Эльмира мен Жансая – Финляндияның қолданбалы ғылымдар университетінің студенттері. Олар Астанада өтетін EXPO көрмесінде фин павильонында қызмет көрсетеді. Ағартушы мемлекеттерге жататын Финляндияны арнайы таңдағандарын айтады.

 

ЭЛЬМИРА САРБАСОВА, ЙЮВЯСКЮЛЯ Қ. ҚОЛДАНБАЛЫ ҒЫЛЫМДАР УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ:

- Финляндиядан бөлек, Германия, Бразилия, Филиппин елдерінен де студенттер көп. Әр түрлі мәдениет, ұлт-ұлыстар мен олардың құндылықтары мен үшін өте қызық.

 

ЕХРО кезінде фин павильонында біздің қыздар келушілерге скандинавиялық сана мен көзқарас туралы түсіндіріп, меймандарды Суоми мәдениетімен таныстырады.

 

Қолданбалы ғылымдар университеті КФЕЙГ білім беру мекемелерінің консорциумына мүше. Бұл қауымдастық әр салада зерттеу жүргізіп, технологиялар ойлап табумен айналысады. Консорциумның басты мақсаты – рециркуляциялық экономикаға, яғни материалдарды қайта қолдану тәртібіне көшуді қарастырады.

 

КАТИ МАНСКИНЕН, УНИВЕРСИТЕТТІҢ ИННОВАЦИЯЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ:

- Бүгінде біз қолданыста болған материалдардың 94 пайызын қайта өңдеп, қайта тұтынамыз. Қалдықтардың тек 6 пайызы ғана полигондарға жөнелтіледі. Бұл көрсеткішті әлде де жақсарту керек деген тапсырма бар. Мысалы, пластикті күйдіріп, балқытып, оны жанармай ретінде қолдануға да болады. Бірақ біз оны қатты түрінде кезекті рет пайдаға жаратуды құп көреміз. Тоқыма материалды да мысалға келтірсек болады. Көпшілік көнерген киімін жаңалағысы келеді. Бізде соны іске асыратын технология бар.  

 

Өздерінің идеясын және дизайнерлік шешімін студенттер мен оқытушылар университет қабырғасынан шықпай-ақ жүзеге асырады. Мысалы, Лахти университетінде мидың тынығуы үшін релакс-орындар пайда болды. Дәліздерде жұмыс жасайтын арнайы бұрыштар мен студенттерге арналған бөлмелер ашылды. 

 

НАТАЛИЯ САЛОНЕН, РЕСЕЙ МЕН ТМД БОЙЫНША ЖИҺАЗ КОМПАНИЯСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

- Скандинавиялық дизайн – бұл еңбек үдерісіне қолайлы эрганомика, жоғары сапа, балалардың білімге деген құштарлығын арттыратын кеңістік. Осының барлығы білім мен ілімді санаға сіңімді қабылдауға жайлылық жасайды.

 

Қазақстандықтар да бұл дизайнерлік шешімнен хабардар. Еліміздің кейбір білім беру мекемелерінде бірнеше аудитория фин жиһаздарымен жабдықталған. Ал өзінің жаңа инновацияық өнертабысы – антибактериялық жиһазын компания Астанада өткелі тұрған EXPO көрмесінде таныстырмақ. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер