Қазақстан Еуразиядағы көлік-логистикалық жəне іскерлік хабқа айналып келеді. Бұл ретте еліміздің теңіз қақпасы Ақтау халықаралық сауда портының үлесі зор. Осыдан екі жыл бұрын айлақ солтүстік бағытта кеңейтіліп, қазір Каспий арқылы еліміз Ресей, Әзірбайжан, Түркіменстан және Иранмен көліктік дәліз орнатты. Дəл осы жерден мұнай, астық, түрлі металдар мен өзге де транзиттік жүктер теңіз асып жер жерге жөнелтіледі. Заманауи Ақтау теңіз солтүстік терминалының тиеп-түсіру қуаты – жылына 3 миллион тонна. Халықаралық сарапшылар алдағы уақытта Еуропа-Азия-Еуропа бағытында трансмұхиттық бағыттар бойынша контейнермен жүк тасымалдау қарқыны артатынын болжап отыр. Бұл ретте екі құрлықтың кіндігінде орналасқан еліміз Қытай мен Оңтүстік Азиядан тасымалданатын тауар нөпірін Еуропаға, Еуропадан Азия елдеріне жеткізетін тиімді дәлізге айнала алады.

НҰРЛАН ТӨЛЕУҒАЛИЕВ АҚТАУ ТЕҢІЗ СОЛ­ТҮСТІК ТЕРМИНАЛЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

- Негізгі алға қойып отырған мақсат осы бағытта Ұлы жібек жолы дейді ғой Ұлы жібек жолының бір саласы болып есептелеміз. Осы Ұлы жібек жолыментасылатын, тасымалданатын жүктің бағытын екі есеге арттыру. Біздің мақсатымыз - млн жарым тонна жүкке жету. Қай бағытта болсын бидай болсын, құрғақ жүк тасымалы болсын контейнерлік тасымал болсын осыны арттыру.

 

Ақтау теңіз порты аумағында іске асуы тиіс 30 арнайы жобаның бірі – мына азық-түлік тауарларын сақтауға арналған «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» қойма кешені. Инвестор қаржысына тұрғызылған қойма ең алдымен Маңғыстау облысының ішкі жəне сыртқы нарығын жоғары сапалы азық-түлік, құрғақ жүк тауарларымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заманауи технологиямен жабдықталған нысандағы жабық қоймалардың аумағы сегіз мың шаршы метрден асады. Мұнда жеміс жидектен өзге ет, тауық, балық өнімдерін минус 18-ден 30 градус аралығында сақтауға мүмкіндік бар.

 

АЙДЫН ОКТАЙ, «АЗЕРСУН ӨНДІРІС ЖӘНЕ ЛОГИСТИКА» ЖШС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

- 2013 жылы Қазақстан мен Әзірбайжан көшбасшыларының екі жақты­келісімімен көлемі сегіз мың шаршы метрден астам логистикалық орталық құру туралы шешім қабылданған еді. Бұл жобаның жалпы құны жиырма млн еуро. Логистикалық орталыққа Әзірбайжанда шығарылатын барлық өнімдер әкелініп Қазақстанға және өзге де елдерге тасымалданады. Мына біз тұрған қоймада кез келген өнімді ұзақ мерзімде сақтауға болады. Азерсунның орналасқан жері де өте ыңғайлы. Жанымыздағы темір жол, теңіз, сосын күре жолдың ұтымды тұстары жетерлік. Алдымызда тұрған ендігі меже көрсеткіштерді еселей түсу.

 

Қазақстанның көлік-логистикалық мүмкіндіктерін дамытуда Маңғыстау өңіріндегі «Құрық» теңіз портының үлесі де аз емес. Жақында жаңа порттан Әзірбайжанға алғашқы жүк жөнелтілді. 32 вагон мұнай өнімі тиелген алып кеме Алят айлағына аттанды. Жалпы, Құрық порты арқылы жылына 5 млн тоннаға дейін жүк тиеп, жөнелту жоспарда бар. Әзірге кемелерге жүктер темір жол арқылы тиеліп жатыр. Биыл желтоқсанда порттағы екінші айлақ қолданысқа беріледі. Бұдан бөлек, жүк және жолаушы кемелері түйісетін тағы 2 көпір салынады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер