Ригада Қазақстан мен Латвия арасындағы ынтымақтастықты дамытып, достық байланысты нығайтуға  сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатталды. Латвияның саясаткерлері мен қоғам қайраткерлеріне медаль мен құрмет грамоталары табысталды. Олардың қатарында Латвия Парламентінің Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі тобының тұрақты мүшесі Андрей Клементьев бар.

 

АНДРЕЙ КЛЕМЕНТЬЕВ, ЛАТВИИ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- Қазақстанмен ынтымақ орнатып, бірлесіп еңбек еткеніме 20 жыл болды. Қазақ елінің басшысы еңбегімізді ескеріп, Қазақстан мен Латвия арасындағы байланысты дамытуға қосқан үлесімізді жоғары бағалады. Шынымен де осы мерзім ішінде көп жұмыс атқарылған еді. Географиялық тұрғыдан бір-бірімізден қашық болсақ та ара-жігіміз ажыраған емес. Әлі күнге дейін араласып келеміз. Біздің достық қарым-қатынасымыз көптеген мемлекетаралық құжаттармен де бекітілген.

 

Сондай-ақ, Қазақстанның жоғары мемлекеттік марапатына Латвия Байланыс министрлігінің өкілі Улдис Рейманис ие болды. Екі ел арасындағы көлік-транзиттік жобалар осы адамға қарасты.

 

УЛДИС РЕЙМАНИС, ЛАТВИЯ БАЙЛАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бірінші кезекте Қазақстан президентіне және оны қолдап жүрген командасына алғыс айтқым келеді. Екі ортада орнаған игі байланыстардың арқасында әріптестерімізбен жақын досымыздай араласып кеттік, әлі күнге дейін бірлесіп еңбек етіп келеміз. Латвияның ЕХРО-ға қатысуы, біздің транзиттік дәліздердің дамуы – достығымыздың нәтижесі деп білемін.

 

Жазушы Владимир Решетовтің екі ел арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға қосқан жеке үлесі арнайы аталып, Қазақстан Республикасы Сыртқы істерминистрлігінің атынан Алғыс хат берілді.

 

ВЛАДИМИР РЕШЕТОВ, ПУБЛИЦИСТ:

- Бұл менің Қазақстаннан алған алғашқы марапатым. Мен өте қуаныштымын. Көп жылдар бұрын мен Қазақстанда оқып, білім алдым.  Кейін Латвияда жүрсем де Қазақ елінің маған жасаған жақсылығын ешуақытта ұмытқан емеспін. Сондықтан қолымнан келгенше көмек көрсетуге әрдайым дайынмын.

 

Салтанатты шара барысында қонақтар қазақ өнерпаздарының өнерін тамашалап, ұлттық тағамдардан дәм татты.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер