Әлем елдері Астанада өтетін ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындалып жатыр. Германияның павильоны көрмедегі ең үлкен алаңның біріне орналасады. Оның  аумағы 1 мың шаршы метрді құрайды. 4 бөлімнен тұратын стенд  немістердің баламалы қуат көздерін қалай пайдаланатыны туралы  ауқымды ақпарат береді. Сонымен қатар,  жүртшылық назарына Германияда өндірілген озық үлгідегі электромобильдер ұсынылады. Неміс павильоны «Өндірілген энергияны үнемдеу және сақтау» деп аталады.

 

БЭТТИНА БОХЫНЕК, ЕХРО-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ ГЕРМАНИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: 

- Неміс павильонының негізгі ұраны: "Энергия - әлемді өзгертуге қуатты". Біз өз тәжірибемізбен бөлісе отырып, басқа елдердің де жобаларын көргіміз келеді. Павильонға келген әрбір адам жаңғыртылатын қуат көзі туралы жаңа ақпарат алып, оны өз үйінде қолдана білуі керек.

 

Халықаралық көрмеге тыңғылықты дайындалып жатқан елдердің бірі – Қытай. Шығыстағы көршіміз – әлемде ең көп энергетика өндіруші және тұтынушы ел. Соңғы жылдары баламалы қуат көздерін дамытуға басымдық беріп отыр. 

 

ВАН ЦЗИНЬЧЖЭН, ҚЫТАЙ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ КОМИССАРЫ: 

- Өздеріңіз білесіздер, Қытай павильонын ең бірінші болып қабылдап алды және әзірлікті ертерек бастап кеттік. Қазір мендегі мәлімет бойынша әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Сәуірдің ортасына қарай негізгі жұмыстарды аяқтап, мамыр айының ортасына қарай павилон толықтай дайын болады. Астанада ЕХРО-ға біздегі кәсіпорындар мен Қытайдың барлық өлкесі белсенділік танытып отыр.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер