Президент Нұрсұлтан Назарбаев биылғы жолдауында минералдық-шикізаттық базаны кеңейтіп, геологиялық барлау жұмыстарын белсенді жүргізу керектігін айтты. Бүгінде қазақ жеріндегі қазба-байлықтың тек 15 пайызы ғана зерттелген. Соның өзінде ресми деректерге сәйкес, еліміз әлемде вольфрам, қорғасын, күміс, мыс, молибден қорлары бойынша алдынғы орындарда. Қазір шикізат құнының арзандағанына қарамастан, әлем экономикасына аса қажет түрлері бар, соларын анықтауға ден қою қажет, дейді мамандар.

 

БАРЛЫБАЙ СМАҒҰЛОВ, «ҚАЗГЕОЛОГИЯ» АҚ ГЕОФИЗИГІ

- Қазіргі күні экономикаға маңызды қорларды іздеп табу. Ол мәселен, мыс, аллюминий қорлары. Өйткені алюминий қорлары кейінгі кезде азайып бара жатыр. Оған альтернативті қорларды қарау керек.

 

Қазір зерттеу, зерделеу жұмыстары Ақтөбе, Қостанай облыстарында, шығыс және орталық Қазақстанда жүріп жатыр. Мемлекеттік тапсырыс қана емес, шетелдік ірі компаниялар да геологияға қаржы құйып отыр. Инвесторлар қатарында араб, жапон, корей, Австралия, Германия және британиялық компаниялар бар.
 

Қазақстан бағалы металл - алтын қоры жөнінен әлемде алтыншы орында. Отандық алтын сапасы да жоғары бағаланады. Жамбыл облысының Қордай ауданында алтын өндіретін зауыт 2015 жылы жұмысын бастаған. Бүгінде сапалы таза алтын шығарып келеді. Мұнда кен ашық тәсілмен өндіріледі. 1 тонна тастан небәрі бір, бір жарым грамм ғана алтын алынады. Бірақ бағалы металл шығарылған тастың барлығында бола бермейді. Сондықтан геолог мамандар тау жыныстарын жіті зерттейді.

 

АЛЕКСЕЙ ГОРЧЕВ, ТЕХНОЛОГ 

- Раствордың әр түрлісі болады. Дұрысы бар, дұрыс емесі бар. Сондықтан бір анализге ғана қарап біз бүкіл жердің данныйларын айта алмаймыз. Жарты сағат, бір сағат сайын әкеледі анализді. Біз сол анализдің средниін шығарып, береміз. Бар ма, жоқ па алтын.

 

Осы Жамбыл өңіріндегі тағы бір зауыт фосфор кенінің алғашқы миллион тоннасын өндірді. Алып компания 2013 жылдан бері өңірдегі Сарысу мен Талас аудандарында кешенді инвестициялық жобаларын кезең-кезеңімен жүзеге асырып жатыр. Нәтижесінде серіктестік ірі көлемде минералды тыңайтқыштарды өндіруге қол жеткізді.

 

ВЛАДИСЛАВ ГОЛИЦИН, КОМПАНИЯ ӨКІЛІ:

- Жақын арада кен өндірісі мен минералды тыңайтқыштардың спектрін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде фосфор кенінің көлемін 1 млн 600 немесе 1 млн 700 мың тоннаға дейін ұлғайтсақ деген ниетіміз бар.

 

Көк Жон кенішіндегі зерттеу-барлау жұмыстары фосфорит қорының көлемі әлі 200 жылға жететінін көрсетіп отыр.  

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер