Қазақстан алғаш рет Қытайға бидай кебегін экспорттайды. Бұл туралы қазақстандық делегацияның Бейжіңге жасаған жұмыс сапарында белгілі болды. Кездесуде бидай кебегіне қойылатын инспекция, карантин және санитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойылды. Осы келісімнің нәтижесінде Қазақстан алғаш рет Қытай нарығына бидай кебегін шығара алады. Ол үшін Қорғас арнайы экономикалық аймағынан қазақ-қытай бірлескен кәсіпорны құрылды. Биыл 60 мың тонна кебек жөнелтіледі. Алдағы уақытта екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы әріптестігі кеңейе түспек. Тараптарды жем-шөп пен жүн өңдеу саласы да қызықтырып отыр.

 

БОЛАТХАН МАХАТОВ, АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ

- Екі ортада осы уақытқа дейін сауданың дамымай жатқандығы, біздің мына стандарттардың бір-біріне сәкес келмей жатқандығы болып отыр. Осы төңірегінде үлкен әңгімелер көтеріліп, түсінушілік табылды.

 

Бидай мен ұн өнімдерінің экспортын еселеуге үлес қосып отырған өңір –Ақмола облысы. Мұнда былтыр 435 мың тоннаға жуық ұн өндіріліп, оның 175 мың тоннасы экспортқа жіберілді. Қазір аталған аймақтың ұны ТМД елдерінен бөлек, Ауғанстан, Иран секілді мемлекеттерде зор сұранысқа ие. Бүгінде аймақта 47 диірмен жұмыс істеп тұр. Солардың бірі және бірегейі осыдан 2 жыл бұрын ғана іске қосылған Көкшетаудағы «Ақмола-Бидай» серіктестігіне тиесілі кешен. 120 адам үш ауысыммен тәулік бойы жұмыс істейді. Күніне 150 тонна ұн шығарады.

 

БАЛАПАН ӘУБӘКІРОВ, КӘСІПОРЫННЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ

- Біз диірмен іске қосылғалы бері 500 мың тоннадан астам ұнды экспорттадық. Өніміміз негізінен Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Иран, Ауғанстан және Түркия елдеріне дейін сатылып жатыр. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз.

 

Диірменнің жанында сыйымдылығы 30 мың тонна астық қоймасы да бар. Яғни, кәсіпорын жылдың қай мезгілі болмасын майлы және дәнді дақылдарды өздері кептіріп, оны сақтап, одан жыл он екі ай бойы өнім өндіре алады. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер