2019 жылы Алматыда БҰҰ-ның Өңірлік хабы ашылады. Бұл туралы Қазақстанның сыртқы істер министрлігі хабарлады. Бір жерде халықаралық ұйымның 19 агенттігі мен өкілдіктері орналасатын болады. Алматыдағы Өңірлік хабтың жұмысы Орталық Азия елдеріне және Ауғанстанға қолдау жасауға, табиғи және техногендік апаттар кезінде көмек көрсетуге бағытталатын болады.

 

ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ

- Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі БҰҰ-ның көшбасшылық қызметін қолдайды. Бүгінді біздің ел БҰҰ-ның аймақтық құрылымдары мен Ауғанстанды қалпына келтіруге қатысушы басқа елдердің іс-қимылын, есірткіге, терроризмге қарсы шараларды үйлестіруді жетілдіру мақсатында өңірлік хаб құру мәселесін пысықтауда.

 

Айта кетейік, наурыз айының ортасында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстанға көмек туралы мандатты бір жылға ұзарту жайында резолюция қабылдады. Құжатта ұйымға мүше мемлекеттер ауған халқына елдегі жағдайды тұрақтандыруға көмектесуге дайын екендерін тағы бір растады. Келіссөздер барысында Қазақстан делегациясы және БҰҰ ҚК-нің өзге де санкциялық комитеттерінің төрағалары резолюция текстіне маңызды толықтырулар енгізді. Олардың негізгілері Ауғаныстан жеріндегі террористік ұйым әрекеттірінің Орталық Азия елдеріне тигізіп отырған залалы туралы. Және біздің өкілеттік шиеленістің түп себебін жоюға көңіл бөлу керегін қадап айтты.

 

Қазақстан сияқты БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше атанған елдердің бірі – Швеция. Қазақстан Азия-Тынық мұхиты мемлекеттер тобында болса, Батыс Еуропа елдері тобынан бұл орынға Швеция қол жеткізді. Швеция өкілі Олаф Скуг Қазақстанның Ұйымдағы қызметін жоғары бағалайды.

 

ОЛАФ СКУГ, ШВЕЦИЯНЫҢ БҰҰ ЖАНЫНДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ

- Біз Қазақстанмен бірлесе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде жұмыс істей бастағанымызға көп болған жоқ. Ынтымақтастығымыз жемісті боларына сенемін. Ортақ мүдде, бірлескен еңбек арқасында жақсы жетістіктерге қол жеткіземіз. Біз әлемде бейбітшілік орнатып, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барынша атсалысамыз.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер