Біріккен Ұлттар Ұйымының Сирия мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Стаффан де Мистура - Сириядағы зорлық-зомбылықты тоқтату үшін Астанада жаңа келіссөздер өтуі тиіс деп санайды. Айтуынша Астана процесі соғысушы тараптар арасында бітімді сақтауға үлкен сеп болған. Сонымен қатар ол Женевадағы кездесудің 5-кезеңінен айтарлықтай нәтиже күтпейтінін жеткізді. Дегенмен төртінші кезеңінде қозғалған мәселелер осы кездесуде жалғасын табарына үмітті. Әзірге үкімет пен оппозиция делегациясы бетпе-бет кездесуге көшпеген. Олар келіссөздің төртінші кезеңінде келісілген «Уақытша үкімет құру, сайлау өткізу, жаңа конституция жасау және терроризммен күрес» мәселелерін талқылайтын болады.

 

СТАФФАН ДЕ МИСТУРА, БҰҰ СИРИЯ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ АРНАЙЫ ӨКІЛІ

- Астана процесінде кепіл мемлекет болған Ресей, Түркия және Иран Сириядағы жағдайды қайта жақсарту үшін жаңа қадамдар жасайды деп сенеміз. Сол үшін тезірек Астанада жаңа кездесу өткізу керек.

 

Әрине кепіл ел өкілдері де баспасөз отырысын өткізіп, жағдайды реттеуге қатысты пікірлерін білдірді. Олар кез келген мәселені жекелеген аймақ және салалар бойынша шешкен жөн деп санайды.

 

АЛЕКСАНДР ЛАВРЕНТЬЕВ, РЕСЕЙ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

- Осы кездесуде Сириядағы жағдайды реттеу бойынша үш кепіл елдің алда атқаратын істер жайы талқыланды. Басты мақсат аймақта оқ атуды барынша азайтып гуманитарлық көмекті жеткізу. Осы келісімді орындауға күш салуымыз қажет.

 

Сирия мәселесін реттеуде Астана процессінің ролі зор екенін ресейлік сарапшылар да айтуда. Өйткені Қазақстанның әлемдегі беделі де өзге елдермен қарым-қатынасы да жоғары деңгейде. Бұл келіссөздер алаңына қатысу кикілжіңнің барлық тараптары үшін қолайлы. Сондай-ақ ресейлік саясаттанушылардың айтуынша Астана алаңында Сирияға қатысты саяси мәселелерді де шешуге болады.

 

АНДРЕЙ КЛИМОВ, РФ КЕҢЕСІНІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ІСТЕР ЖӨНІНДЕГІ КОМИТЕТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

- Қазақстандық әріптестердің ұсыныстары расымен де сирия дағдарысын реттеуде ілгері жылжуға мүмкіндік берді. Өйткені тараптардың көбі келіссөздерді Мәскеуде жүргізгенді қаламайды. Ал бейтарап алаң ұсынған Астанаға қарулы оппозиция өкілдері де ойланбастан келе алады. Осы орайда бітімгерлік процесстегі Қазақстанның ролі ерекше.

 

Шетелдік үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері Қазақстанның сирия жөніндегі келіссөздерге қосқан үлесін құптайды. БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік кеңес жанындағы консультативтік комитеттің мүшесі әрі Финляндияның үкіметтік емес ұйымының басшысы Антти Пентикяйнен: «қазақ елі соғысушы тараптарды бітімге келтіру бойынша маңызды қадам жасады», - дейді.

АНТТИ ПЕНТИКЯЙНЕН, ФИНЛЯНДИЯНЫҢ ҮКІМЕТТІК ЕМЕС ҰЙЫМЫНЫҢ БАСШЫСЫ

- Қазақ еліне халықаралық аренада атқарып жатқан еңбегі үшін алғысымды білдіремін. Астанада Сирия бойынша келіссөздердің қалай өткенін білеміз. Онда тараптарды бітімге келтіру бойынша маңызды қадамдар жасалды. БҰҰ-ы бұл бастамаларды құптайды әрине.  Қауіпсіздік кеңесінің құрамында болған елдің барлығы бірдей осындай жетістікке жете бермейді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер