Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауын Мәскеулік сарапшылар талқылады. Ресейдің ғылым саласындағы белді азаматтары қатысқан жиын, Ресейдегі Қазақстан елшілігінде өтті. Сарапшылар Қазақстан жаңғыруының үшінші кезеңін тарихи ауқымды шараға балайды. Олардың айтуынша еліміз Еуразия кеңістігінде әлеуеметтік-экономикалық иновацияны алғашқылардың бірі болып қабылдады.

 

ВЛАДИМИР КОРОЛЕВ, РЕСЕЙДЕГІ ЭКОНОМИКА ЖОҒАРЫ МЕКТЕБІНІҢ ӨКІЛІ

- Бұл – агроөнеркәсіп кешені мен басқару жүйесін стратегиялық жетілдіруге бағытталған дамудың жаңа кезеңі. Қазақстан өзінің мемлекеттік бағдарламаларында ғылым саласына, оның ішінде ғарыш технолоияларына баса назар аударады. Оған дәлел ауа райының өзгеруі мен агро кешендерін зерттеуге арналған орталықтардың құрылғанын айтуға болады. Бұл президент бағдарламасында көзделген технологиялық дамудың жаңа кезеңіне көшуді жүзеге асыруға бағытталған дұрыс шешім деп ойлаймын.

 

Ал түрік сарапшылары «Ауыл шаруашылық саласын дамытып, оны экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру керек» деген Елбасының биылғы жолдауда көтерген бастамасын жоғары бағалап, қолдау білдірді. Ыстамбұлдың «Арэл» универсиеті жанындағы стратегиялық зерттеу орталығының Орталық Азия бойынша сарапшысы Сердар Йылмаздың пікірінше, Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті өте зор.

 

СЕРДАР ЙЫЛМАЗ, ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША САРАПШЫ

- Мал мен егін шаруашылығы қазақ халқының ата кәсібі. Бұл саланың тасы өрге домаласа, қазақ елі көл-көсір табысқа кенеледі. Олай дейтінім, әлемде азық-түлік өнімдеріне сұраныс жыл сайын артып келеді. Оның үстіне Қазақстан Еуразиялық кеңістік пен Қытайдың нарығына тікелей шығуына барлық мүмкіндігі бар. Бұл артықшылықты жақсы білетін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ауыл шаруашылығын әртараптандырып, өнімді терең өңдеуге айрықша мән берді. Бұл бағытта шаруа қожалықтарына субсидия беріліп, мемлекеттік қолдау көрсетіліп отыр. Осыған орай ауыл шаруашылығы келешекте экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналуы мүмкін.

 

АННА АЛЬШАНСКАЯ, ҚСЗИ-ДІҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ

- Қазақстан Президентінің жолдауы ұзақмерзімді стратегиялық жоспарға негізделген. Елбасы бүгінгі жаһандық өзгерістерге бейімделу қажеттігін айтты. Сондықтан экономикалық өсімнің жаңа моделі өндірістің жаңа деңгейіне көтеріп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер