Қазақстан Еуроодақ елдеріне экспортталатын тауар көлемін арттырып, тау-кен өндірісі мен мұнай-газ саласына тартылатын инвестицияны ұлғайтуды көздейді. Бұл туралы «Қазақстан мен Еуропалық одақ» ынтымақтастығы комитеттерінің 16-отырысында белгілі болды. Екі жақты әріптестік байланысты кеңейтуге бағытталған келісім аясындағы отырысқа Еуропалық одақтың Орталық Азия мен Ресей бойынша директоры Люк Девинь қатысты. Еуропалық қызметтің сыртқы іс-қимылына жауапты маман Қазақстанмен арадағы саяси және экономикалық қарым-қатынастың нығайып келе жатқанын атап өтті. Еуроодақ қазақ елі үшін сауда-инвестиция саласындағы ең ірі әріптес. Былтыр екі жақты сауда айналымы 24 миллиард доллардан асты.

 

ЛЮК ДЕВИНЬ, ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӘНЕ РЕСЕЙ БОЙЫНША ДИРЕКТОРЫ

- «Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Біз осы байланыстың одан ары тереңдей түсетініне сенімдіміз. Қазақстанның аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікке қосып отырған үлесін атап өткен жөн. Жақын арада қазақ елі ірі халықаралық шара ЭКСПО-ны өткізгелі жатыр. Біз осы ауқымды іс-шараға қуана қатысамыз. Кешелі бері өтіп жатқан отырыстар жемісті болғанын айта кетейік».

 

РОМАН ВАСИЛЕНКО, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

- «Бұл отырыста бірнеше ауқымды мәселелер қаралды. Саяси қарым-қатынастан бастап, сауда-экономикалық әріптестік, аймақтағы қауіпсіздік, энергетика саласы, транспорт пен көлік дәлізі, білім беру секілді бағытта әңгіме өрбіді. Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы әріптестік байланыс аясын кеңейтуге бағытталған келісім 29 саланы қамтиды. Еуропалық одақ сауда-экономика саласындағы ірі әріптес әрі еліміздің экономикасы үшін маңызды инвестор екенін айта кеткен жөн».

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер