EXPO-2017-ге қатысатын елдер Астанада өтетін халықаралық көрмені асыға күтуде.  Ауаның ластану мәселесін толық шешкен Монако Князьдігі  халықаралық көрмеде өзгелерге үлгі боламыз деп отыр. Бұл жөнінде Монако Князьдігінің Ұлыбританиядағы әрі Қазақстандағы елшісі Эвелин Жанта мәлімдеді. Атап айта кетерлік жайт, Монако князі Альбер ІІ Астанадағы павильон дизайнының жұмысына тікелей басшылық еткен.

ЭВЕЛИН ЖАНТА, МОНАКО КНЯЗЬДІ ХАНЗАДАЛЫҒЫНЫҢ ҰЛЫБРИТАНИЯДАҒЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ

- «Астананың таңдаған тақырыбы бізге өте жақын. ЭКСПО-2017-ге қатысу туралы келісімге алғашқылардың бірі болып, қол қойғанымызды мақтан тұтамыз. Біз өзімізді теңіздің үстінде орналасқан ел ретінде танытып жүрміз. Сондықтан біз үшін экологиялық таза орта өте маңызды. Көрмеге біз болашақтың технологиясын әкелеміз. Қоршаған ортаны ластамай ғимараттарды қалай салу қажеттігі туралы және оларды қалай жылыту керектігі жайлы айтамыз».

 

Көрмеге ерекше дайындалып жатқандардың қатарында Финляндия да бар. Бұл ел инновациялық жетістіктер бойынша әлемде үшінші орында. Сондықтан «ақылды» технология бағытында көпшілікті таңдандыруға барын салмақ. Бұл елдің 50-ден астам компаниясының «жасыл» технологиялары 400 шаршы метрлік павильонға орналасады.

ПАУЛА ЛЕХТОМЯКИ, ФИНЛЯНДИЯНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ

- «Бұл шараның біз үшін маңызы зор. Өйткені, жасыл энергетика саласында үлкен жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Енді оны бүкіл әлемге паш етіп, тәжірибемізбен бөліссек дейміз».

 

СЕВЕРИ КЕЙНЯЛЯ, EXPO-2017 КӨРМЕСІНДЕГІ ФИНЛЯНДИЯ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ БАС КОМИССАРЫ

- «Павильонның «Таза энергия» деген атауының өзі  жаңғыртылатын энергия көздерінің Финляндияда қалай қолданылатынын бірден аңғартады. Біз үшін өнеркәсіптік процестердің энергия тиімділігі жоғары болуы маңызды. Мақсат – шикізаттық ресурстарды барынша аз пайдалану».

 

Расымен де, Финляндияда жасыл технология бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер көп. Мәселен, елдегі қоқыстың 90 пайызы қайта өңделеді. Сонымен қатар, бензин орнына биоотын, ал, көмір орнына биомасса қолданылады. Баламалы қуат көздерінен алынған энергия жалпы қажеттіліктің 38 пайызын жабады. Жоспар бойынша мұндай көрсеткішке Еуроодақ елдері 2030 жылға қарай жетуі керек. Ал, Финляндия ол межені қазірден-ақ бағындырып тастады.

 

ЯКОВ ДОНДЫШ, «ФИНЛЯНДИЯНЫҢ СУ ФОРУМЫ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ

- «Бізде ауыз судың сапасы әр өңірде барлық талаптарға сай деп айта аламын. Мәселен, суды өзеннен алатын Турку қаласында біраз уақыт бойы су өнеркәсіптік қалдықтармен ластанған болатын. Қазірде оны еш күдіксіз ішуге болады».

 

Астанада да суды тазартудың фин технологиясы қолданылуда. Сондай-ақ энергетика, логистика, ауыл шаруашылығы және IT саласындағы заманауи шешімдерді іске асыру көзделуде.

 

ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ

- «Финляндия елінің суды тазалау технологиясы ерекше. Біз оны өзіміздің мемлекетте қолдануға тырысамыз. Бұған қоса, энергетика, логистика, Айти технология саласындағы озық жобалармен тәжірибе алмасу көзделіп отыр».

 

Экоүйлер, микробқа қарсы жиһаз, «Smart» (смарт) зертхана құрылғылары. Мұның бәрін фин павильонынан көруге болады. EXPO көрмесі барысында Астана-Хельсинки әуе рейсі ашылады. Барып-келу құны бір жолаушыға 350 еуро шамасында болмақ.

 

ЯРИ АХЪЁХАРЬЮ, VISIT FINLAND СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

- «Бізді Азия нарығы қызықтырады. Әріптестік мүмкіндігінің кең екендігін көріп отырмыз. Finnair пилоттық жобасынан соң Қазақстанға Финляндиядан келетін туристердің саны арта түседі деген ойдамыз».

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер