ЭКСПО-ның халықаралық қатысушыларына павильондарды тапсыру ісі аяқталуда. 115 елдің 103-і өз павильондарын алып үлгерді. Ең ауқымдыларының қатарында Қытай бөлігі. «Болашақ энергиясы. Жасыл жібек жолы» тақырыбын қамтитын аспан асты елінің павильонының аумағы  1023 шаршы метр. Оның ішіндегі жұмыс қызу. Мамыр айының ортасында толықтай аяқтау көзделіп отыр. Қытайлық тарап ЭКСПО-да электр және ядролық энергетика саласындағы соңғы технологияларды паш етпек. 

ДЖЕ ДЖИЕ, ҚЫТАЙ ҰЛТТЫҚ ПАВИЛЬОНЫНЫҢ КОНСТРУКТОРЛЫҚ ТОБЫНЫҢ БАСШЫСЫ  

- Біз ауқымды павильонды арнайы таңдадық. Өйткені Қазақстандағы ЭКСПО көрмесіне қатысу біз үшін өте маңызды. Келушілерді таң қалдырамыз деген ойдамыз. Көрмеде дәстүрлі энергия ресурстарын трансформациялау бойынша жаңа идеялар мен жетістіктерді көрсетуді жоспарлаудамыз. Біз үшін қолайлы жағдай жасалды. Қазақстандық тарапқа  алғыс білдіреміз.

Австриялықтар да келушілерді өз павильондарымен таң қалдырмақ. Оларға бөлінген аумақ та аз емес - 900 шаршы метр.

ГЕРХАРД САЙЛЛЕР, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АВСТРИЯ ЕЛШІСІ

- Біздің павильон 3 алаңға бөлінбек. Алғашқысы – интерактив, яғни өзара байланыс алаңы, демалыс бөлігі және үшіншісі Австрия жайлы ақпарат бөлігі. Австрия үшін бұл көрме аса қызықты. Өйткені бізде 37% су энергиясы және 10% жел энергиясы қолданылады.  

ИЛЬЯ ОРАЗАҚОВ, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ

- Қазіргі таңда ұйымдастырушылық жағынан түйткілді мәселе жоқ. Туындайтын сауалдарды техникалық сессиялар кезінде шешудеміз. Әр ел үшін мұндай жиындар өткізіліп тұрады.

Наурыз айының соңына дейін барлық павильондарды қатысушыларға табыстау көзделуде. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер