Жер жаһандағы ең ықпалды ұйым – БҰҰ мен Қазақ елінің арасындағы ынтымақтастыққа ширек ғасыр толды. Осыған орай ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының мұражайында «Бейбітшілік үшін әріптестік» қор көрмесі ашылды. Онда еліміздің халықаралық ұйымның құрамындағы сындарлы және жемісті қызметінің 25 жылдық тарихынан сыр шертетін мұрағаттық құжаттар, фотосуреттер мен дипломатиялық сыйлықтар қойылған. Қазақстанның әлемдік қауымдастық жылнамасында айрықша орын алатын оқиғалар тізілген көрменің ашылу салтанатына еліміздің зиялы қауымы мен халықаралық саясаткерлер қатысты.

ТӨЛЕУТАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚР АЛҒАШҚЫ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІ (1991-1994)

- Бұл халқымыз үшін аса елеулі оқиға болды. Қазақстан 1992 жылдың 2-ші наурызда БҰҰ Бас ассамблеясының 46-сессиясының қорытындысы бойынша толық құқылы мүшелікке қабылданды. Осылайша, Қазақстан халықаралық қатынастардағы лайықты серіктес ретінде адамзаттық мәселелерді шешуге етене араласуға мүмкіндік алды. Халықаралық нарыққа жол ашылды.

Содан бері еліміз осы ұйыммен тонның ішкі бауындай аралас. БҰҰ-ның ЮНЕСКО, ЮНИСЕФ сияқты әлемдік қауымдастықтармен етене жұмыс жасап келеді. Қазақстанның ядролық қарусыздандыру сынды жаһандық мәселелерді шешудегі еңбегі еленіп, халықаралық аренадағы беделі мойындалды. Оның бірден-бір айғағы еліміздің биылдан екі жылға БҰҰ Қауіпсіздің Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы.

ДЕЯН КЕСЕРОВИЧ, БҰҰ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ БОЙЫНША ҮЙЛЕСТІРУШІСІ

- Қазақстанның ББҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы өте орынды деп санаймын. Өйткені Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік тұрғысында ел ішілік, аймақтық, ТМД мен Орталық Азия мемлекеттері, тіпті әлем бойынша тындырып жүрген игі істері мойындалып, ұйымның барлық мүшелерімен бірауыздан қолдауын тауып келеді. Бір де бір мемлекет мүшелік еткен алғашқы 25 жылында бұндай табыстарға жетпегенін сенімммен айта аламын.

Қазіргі күнде елімізде аймақтық мәртебеге ие БҰҰ жүйесінің арнайы мекемелері, қорлары мен бағдарламаларының 16 өкілдігі жұмыс істеуде.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер