Берлиндегі халықаралық ІТВ (Ай-Ти-Би) көрмесі аясында «Астана ЕХРО-2017» роуд-шоуына ел назары ерекше ауды. Халықаралық көрме - ағымдағы жылдың айрықша маңызды шарасы. Шетелдік меймандар ғаламшардың әр қиырынан ұсынылған баламалы қуат көзі жобаларынан бөлек, мәдени бағдарламаларға да бай болғалы тұр. ЕХРО аясында 3 мыңға жуық мәдени іс-шара жоспарланған. Бағдарламаға сәйкес, әлемге әйгілі Пласидо Доминго ән шырқаса, «Эрмитаж» музейі өзінің құнды экспонаттарын ел назарына ұсынады. Ал естен кетпес ерекше бір қойылымды «Дю Солей Циркі» көрсетеді. Әйгілі әнші Димаш Құдайберген де мәдени шараның көрігін қыздырады.

РОЗА АСАНБАЕВА, «АСТАНА ЭКСПО-2017» ҰК ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

- ЕХРО кезінде Қазақстан 93 күнге әлемдік сахнаға айналады. Туристік бағыттардан бөлек, еліміздің ұлттық нақыштағы кескін-келбетін, төл мәдениетін, тамыры терең тарихын күллі дүние назарына ұсынамыз. «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы шараларды қоспағанның өзінде, 3 мың ерекше мәдени іс шара ұйымдастырылады. Сонымен қатар, өңірлердің атсалысуымен тағы да соншалық ойын-сауық бағдарламаларын өткізу жоспарда бар.

Шетелдік туристер ЕХРО халықаралық көрмесінен әдемі әсер аламыз деген үмітте. Олардың арасында Германия азаматтары да бар.

АНДРЕАС, ІТВ КӨРМЕСІНЕ КЕЛУШІ

- Өзіме ЕХРО таныстырылымы ерекше ұнады. Әсіресе ЕХРО-ның виртуалдық үлгісі арқылы жаңа нысандарымен таныстым. Менің ойымша, бұл көрме ұмытылмас әсер қалдырады. Өйткені бұл өз өміріміз үшін де өзекті шара. Мен ЕХРО билетін ұтып алғаныма қуаныштымын. Көрменің ашылуын тағатсыздана күтір жүрміз.

Бүгінгі күні елорда төрінде өтетін ЕХРО көрмесіне қатысатыны жөнінде келісімге 115 мемлекет қол қойған. Халықаралық шараға 5 миллион адам келуі ғажап емес. Жыл басынан бері Қазақстан 55 мемлекет азаматына 30 тәулік визасыз режим енгізді. Оның ішінде Германия да бар. Бундестаг депутаттары жаңа ереже Қазақстанның туристік саласына оң әсерін тигізетіні сөзсіз дейді.

ЮРГЕН КЛИМКЕ, БУНДЕСТАГ ДЕПУТАТЫ

- Менің ойымша, Қазақстандағы туризм экономика үшін зор әлеуетке ие. Оның табиғаты керемет және көрнекті жерлері де аз емес. Ал ЕХРО Орталық Азиядағы ғылым, экономика, өнеркәсіп саласының болашағын көрсету үшін үлкен мүмкіндік. ЕХРО-ны іске асыру Қазақстанның ғана емес бүкіл әлемнің жетістігі болады.

Ең бастысы, шетелдік қонақтар кең байтақ еліміздің тамаша табиғатымен де таныса алады. ЕХРО көрмесінің ресми туроператорлары ұсынатын бағыттар талғамы биік саяхатшылардың таңдайын қаққызары сөзсіз.

ҚАЙРАТ СӘДУАҚАСОВ, EXPO-2017 РЕСМИ ТУРОПЕРАТОРЫНЫҢ ӨКІЛІ

- Астанамен қатар, шетелдік меймандардың күллі Қазақстан мәдениетімен жіті танысып алғанын қалаймыз. Сондықтан туристер еліміздің әр өңіріне арнайы ат басын бұрса құба-құп. Туроператорлар әсіресе Батыс пен Оңтүстік өңірлерге барар бағыттарды дайындап қойды. Сондықтан ЕХРО қонақтарына 3 ай ішінде аралайтын орындар жетерлік.

Берлиннен кейін «Астана ЕХРО-2017» роуд-шоуы әлемнің 34 қаласында таныстырылады. Осылайша, еуропалықтар мен азиялықтар Қазақстан туралы толыққанды мағлұмат ала алады.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер