Елбасы Жолдауында айқындалған басты бағыт - инновациялар мен сандық технологияларды енгізу арқылы Қазақстан экономикасының негізгі салаларын жаңғырту. Экспорттық бағыттарының бастысы мұнай болып табылатын Қазақстан үшін осы секторға заманауи технологиялар енгізу аса маңызды. Бүгінгі күні Атырау мұнай өңдеу зауытын толықтай қайта жарақтандыру жобасы жүзеге асырылуда. Қазір екінші кезеңі аяқталды. Жанар-жағармайдың жоғарғы октанды құрамдас бөліктерін және жылына 133 мың тонна бензол мен 496 мың тонна параксилол өндіретін кешен салынды.

ДЕНИС КОЗЫРЕВ, АТЫРАУ МӨЗ ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

- Жарақтандырудың үшінші кезеңінде біз моторлық жанармай өндірісінің көлемін арттыратын мұнайды терең өңдеу кешенінің құрылысын аяқтаймыз. Өндірілетін жанармай Кедендік одақтың Техникалық регламентіндегі талаптарға сай К4, К5 экологиялық санаттарына жататын болады. Құрылыстың аяқталуы және іске қосу жұмыстары 2017 жылдың 2 тоқсанына жоспарланған.

Атырау мұнай өңдеу зауытында өндірістік үдерістерді басқарудың жаңа жүйесі енгізілді. Мұнай өнімдерін өлшеу және материалдар қозғалысы туралы мәліметтерді сараптауға адами фактордың ықпалын мейлінше азайтады. Бұл автоматтандырылған заманауи жүйе енді басқа компанияларда да енгізілмек.

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ, «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» ҰӘҚ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

- Оның ішінде электр жүйесін басқаратын компания KEGOC, Казтрансойл сияқты, құбырларды басқаратын Казтрансгаз сияқты, сол жерлерде біз қазіргі ұшқышсыз басқарылатын дрондарды пайдалану жөнінде үлкен әңгіме қозғадық.

«Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Атырау облысындағы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының еншілес компанияларының қызметкерлерімен кездесті. Басқосуда мұнай өндіру мен өңдеуде заманауи технологияларды енгізу мәселесі талқыланды.

Ал Ертіс өңірінде қысқы дизель отынын шығаратын зауыт салынады. Кәсіпорын құрылысы осы жылдың соңында аяқталады. Инвестициялық жобаны жүзеге асыруға 1,8 миллиард теңге жұмсалмақ. Жаңа зауытта 55 градустық аязда қатпайтын, яғни арктикалық отын өндіріледі. Сонымен қатар, сұйытылған газ бен АИ-72, АИ-76 маркалы бензин шығаруға мүмкіндік тумақ. Шикізатты жергілікті мұнай-химия зауыты тасымалдайды. Бүгінгі күнге дейін өндіріс ошағын ашу жөніндегі қоғамдық тыңдаулар өткізіліп, бастама бірауыздан мақұлданған.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер