«Бір белдеу - бір жол» жобасы Қазақстан мен Қытай экономикалық әріптестігінің жаңа мүмкіндіктерін ашпақ. ҚХР Қоғамдық ғылымдар академиясының сарапшысы Лю Шуан осындай пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, аталмыш жобадағы Қазақстанның рөлі маңызды. Бұл тұста Лю Шуан «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолының құрылысын атап өтті. Жоба Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы көпір екендігін дәлелдеді, дейді сарапшы.

ЛЮ ШУАН, ҚХР ҚОҒАМДЫҚ ҒЫЛЫМДАР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ САРАПШЫСЫ

- Қазақстанда «Жібек жолы» экономикалық белдеуі аясында Ляньюньган портында қытай-қазақ терминалының құрылысы жүріп жатыр. Осылайша, Қазақстан үшін теңізге жол ашылады. Бұл - үлкен жетістік. Мұндай көліктік нысандардың Қазақстан экономикасын дамытатыны сөзсіз. Тұрақты даму үшін, мүмкіндік тудыру керек. Біз сол мүмкіндікті бірігіп жасаймыз. Қытай Қазақстанды жоғары бағалайды.

Айту керек, жоба халықаралық аренада да кең қолдау тапты. 70-тен астам ел оған қосылуға ниет танытты. Ал 30-ы болса, өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойып, жобаларды бірлесе іске асырмақ. Жалпы, «Бір белдеу - бір жол» жобасы Азия, Еуропа мен Африканы біріктіретін сауда-инфрақұрылым желісін құруды көздейді.

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА, ҚСЗИ БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

«Бір белдеу - бір жол» жобасы елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтып, екіжақты қаржы нарығын құруды да көздейді. Мәселен, өткен жылы Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі жұмысқа кірісті. Ал 2014 жылы Жібек жол қоры құрылды. Бұл қаржы институттары Азияда ғана емес, дүниежүзінде бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетпек.

«Бір белдеу - бір жолдың» басты артықшылығы іске асырылатын жобалардың екі тарап үшін де барынша тиімді болуында, -дейді сарапшылар.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер