Қазақстан Конcтитуциясына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар басқару жүйесін жаңғыртып қана қоймай, қоғамда демократиялық құндылықтардың орнығуына да жол ашпақ. «TASAM» стратегиялық зерттеу орталығының төрағасы Сүлейман Шенсойдың пікірі осыған саяды. Түрік сарапшысы елімізде конституциялық реформа төңірегінде салмақты талқылаулар өтіп, ел ертеңі үшін билік пен халықтың бір мақсат, бір мүддеге жұмылып, ортақ шешім қабылдауын жоғары бағалап отыр.

СҮЛЕЙМАН ШЕНСОЙ, «TASAM» СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлу жөніндегі бастамасын өте орнықты әрі көреген шешім деп бағалауға болады. Өйткені ол үкімет пен парламенттің қоғамдағы рөлі мен ықпалын барынша күшейтіп, демократиялық құндылықтардың қанат жаюына жол ашады. Сондай-ақ бұл саяси реформалар – уақыт талабы. Қазақстан 25 жылдың ішінде айтарлықтай табысқа қол жеткізді. Ал болашақта бұл жетістіктерді еселеу үшін қоғамдық және мемлекеттік жаңғыртуға бағытталған осындай маңызды қадамдар жасалуы керек деп есептеймін».

 «Қазақстан демократиялық дамудың даңғыл жолына түсті. Өкілеттіктерді бөліп беру – осының дәлелі», дейді «Yorktown Solutions» компаниясының президенті Дэниел Важдич.

ДЭНИЕЛ ВАЖДИЧ, «YORKTOWN SOLUTIONS» КОНСАЛТИНГТІК КОМПАНИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Менің пікірімше, Қазақстанның болашағы жарқын. Ол жас мемлекет. Десе де, батыл қадамдарға барып жатыр. Жаңа конституцияның қоғамды қалыптастыруда үлесі зор болады, деп сенеміз. Ел дамуына қарай конституциялық реформа қажет болады.  АҚШ та мұны басынан кешірген. Сіздердің президент өкілеттіктерді бөліп беру арқылы парламенттің, үкіметтің құзіретін, беделін арттырды. Ал, бұл халық пен атқарушы биліктің арасын жақындата түседі.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер