Алдағы 2 жылда Ислам даму банкі Қазақстан экономикасына 300 млн доллар инвестиция салмақ. Бұл туралы ТМД елдеріндегі ислам қаржыландыру жүйесін дамытуға арналған форумда айтылды. Бүгінде Қазақстан ТМД елдерінің ішінде ислам қаржыландыру жүйесін дамыту бойынша көшбасшы саналады. Алдағы уақытта аймақтық хабқа айналуы мүмкін. 30 жыл бұрын бұл жүйе тек ислам елдеріне мәлім еді, қазір Ұлыбритания, Люксембург, Жапония, Қытайда зор сұранысқа ие. Оның өзіндік себебі бар.

МУДЖТАБА ХАЛИД, ИСЛАМ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Ислам қаржыландыру жүйесінің дәстүрлі банктерден басты айырмашылығы – пайыздық үстеме деген болмайды. 2008 жылғы әлемдік тәжірибеге сүйенсек, қарыздың артуы - қаржы құрылымдарының тоқырауына алып келді. Біз тек активтермен жұмыс істейміз. Қазақстанмен тәжірибе бөлісуге дайынбыз».

Ислам қаржыландыру жүйесінде пайыздық мөлшерлемеге тыйым салынған. Сондықтан, тараптар табыс пен тәуекелді тең бөліседі. Банк клиенттің жобасын қаржыландыра отырып, оның инвесторы болады. Тап осындай талаптармен «Al Hilal» банкінің елімізде жұмыс істегеніне биыл 7 жыл болды.

БОЛАТ ЖӘМІШЕВ, «ҚАЗАҚСТАН ДАМУ БАНКІ»АҚ ТӨРАҒАСЫ:

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірінші болып ислам қаржы жүйесін енгізді. Ислам банкингінің қалыпты қаржы құрылымдарынан айырмашылығы көп. Банк әзірге тек заңды тұлғалармен жұмыс істейді».

ПРАСАД АБРАХАМ, «AL HILAL» ИСЛАМ БАНКІ» АҚ ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСІНІҢ МҮШЕСІ:

Жеке тұлғаны қаржыландыруда бірқатар қиындық бар. Мәселен, біздің талап бойынша, ипотекалық несие беретін болсақ, банк жылжымайтын мүлікті сатып алады да, оны жалға береді. Қарыз өтелгенше меншік иесі банк болып қалады. Қазақстанда мүлікке салынатын салық бар. Оның мөлшері 1,25 пайыз. Бұл біз үшін тиімсіз.

Сондықтан болар, ислам қаржыландыру жүйсесі ел нарығының тек 0,1 пайызын қамтып отыр. Оны дамыту үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Ал, құнды қағаздарын саудалауға құқық беретін құжат жаңадан дайындалуда.

ҚАЙРАТ КЕЛІМБЕТОВ, «АСТАНА» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАРЖЫ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСҚАРУШЫСЫ:

Сукук рыногын дамыту үшін біз қазір арнайы жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, айырмашылығы шариғатқа сәйкес бағалы қағаздар, арнайы заңнамасы болуы керек. Сол заңнамасын біз қазір дайындап жатырмыз.

Сондай-ақ, форум аясында ынтымақтастықты арттыруға бағытталған бірқатар меморандумға қол қойылды. Бұл бастама ислам қаржыландыру жүйесінің ТМД елдерінде дамуына жаңа серпін бермек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер