Қазақстаннан ет экспорты еселенді. Мәселен, бір Оңтүстік Қазақстан облысынан Иранға жылына 20 мың тонна ет экспортталады. Осы мақсатта екі тараптың инвесторлары өзара келісімге келген. Ирандықтар жылына 2 жарым миллион тонна ет тұтынады. Осы қажеттіліктің бір бөлігін енді күнгейден сатып алатын ет өнімдерімен қамтитын болады. Ирандық кәсіпкерлер 3 мың бас ұсақ мал еті, 100 бас ірі қара етін алу үшін келісім жасасты.

Жалпы өңірде соңғы екі жылда ірі қара мал саны 35 мыңға ұлғайып, 865 мыңға жеткен. 230 мыңдай жылқы бар. Ал ұсақ мал 4 миллионға жуық. Өңірде бұған дейін тек импорт саналып келген мраморлы ет енді экспортқа шығарылмақ. Бұл шаруаны ірі қараның ерекше түрі «Абердин-Ангус» тұқымын өсіретін жергілікті шаруашылық қолға алған.

МАҚСАТ НАЗАРБАЕВ, ФЕРМЕР:

Мен асыл тұқымды сиырлардың көп күтімді қажет етпейтінін дәлелдегім келді. Бұлардың бұзауы кішкене болады. Бірақ өскен соң әкелеріне ұқсап етті көп береді. Ал екінші алынған төл таза асыл тұқымды болады. Басты мақсатым - өгізшелерді көбейтіп, елдегі мал басын асылдандыру».

Елбасы Жолдауында айтылған негізгі басымдықтың бірі - төрт түлік етінің экспортық әлеуетін арттыру. Оңтүстіктің шаруалары осы міндетті орындауға көшкен.

АСҚАР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ауыл шаруашылығы өнім технолгиясын жақсарту. Екінші ауыл шаруашылығы машина жасау саласын қалыптастыру. Ол бізде қазір жұмыс істеп келе жатыр. Одан кейін үшіншісі - Елбасының әрқашан айтып жүретіні, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды көбейту. Міне осы үш мәселе бір бағытта жүрген кезде ауыл шаруашылығы жаңа деңгейге шығады.

Былтыр оңтүстіктің еңбекқор халқы 1 миллион 300 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаған. Оның ішінде дәмі тіл үйіретін қауын-қарбыздан бастап, күркетауық етіне дейін бар. Ал,биылғы жылы Біріккен Араб Әмірлігімен қатар Қытай, Ирак мемлекеттеріне ет экспорттамақ. Осы бағытта қазіргі таңда келіссөздер жүргізіліп жатыр екен.

ӘБДІБАЙ МҰСТАФАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ  БАС МАМАНЫ:

Экспортқа шығатын әрбір заттың талаптары болады. Бізге қазаққа «қой жас болса семіз болса» дейміз. Олар «жас болса бірақ арық болса» дейді. Біріккен Араб әмірлігіндегі алушылардың талабы сондай.Қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Иракқа шығару мен Иран Ислам республикаларымен де келіссөз жүріп жатыр. Көлемді 70-75 пайызға арттырамыз деп отырмыз.

Қазақстаннан шыққан экологиялық таза ауыл шаруашылық өнімдеріне шетелде сұраныс жоғары. Мемлекет басшысы жолдауында ауыл шаруашылығын әртараптандырып, экономиканың драйверіне айналдыру туралы айтылған. Ал 2021 жылға қарай азық-түлік экспортын 40%-ға көбейту межесі белгіленген.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер