Қанатты сөзді «қазынам, өнегелі өрісім» деп таныған жас ақын Әлия Інкәрбектің кезекті лирикалық жыр жинағы оқырманға жол тартты. Сиясы әлі кеппеген «Тасқын» атты  кітабына жалынды жастың ішкі жан дүниесінің сырлы сезімі мөлдір поэзия тілімен тербелген 70-ке тарта өлеңі еніп отыр. Қатарынан оза шапқан 20 жасар ақынның жаңа туындысы  мың данамен жарық көрді.

ӘЛИЯ ІНКӘРБЕК, АҚЫН:

Бұл кітапқа бір жылдың көлемінде жазылған лирикалық өлеңдерім еніп отыр. Жалпы, «Тасқын» деп аталуының себебі, әр адамның ішінде ой тасқыны, сөз тасқыны болады. Менде жыр тасқыны жас кезде жазу керек, іздену керек деген қағиданы ұстанамын.

Жас та болса, қара өлең ұйқасының зергері атанған Әлияның бұл екінші төл жинағы. Бұған дейін «Тәңіртау» атты тұңғыш жеке еңбегі шыққан. Ана тілі, туған діні мен  ұлттық салт-сана құдіреті жырланған шумақтары ұжымдық жинақтарға енген.

ЖАНАТ АЙТМҰХАМБЕТ, АҚЫН:

Оның өлеңдерінің құрылымына, поэтикалық бітіміне, тіліне қарап отырғанда, әрине қазақтың ұлттық тілін жақсы меңгерген, ұлттық танымын жақсы білетін және өзінің ақындық таланты жеткілікті ақын деп бағалауымызға болады.

Жас дарын халықаралық «Шабыт» байқауының әдебиет аталымында тағайындалған Фариза Оңғарсынова атындағы арнайы сыйлықтың иегері. Республикалық ақындар мүшайраларының жүлдегері атанып жүр. 40-тан астам өлеңі түрік тіліне тәржімаланған. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер