Жалғыздық пен күйінішке толы тағдыр. Елордалық орыс драма театрында американдық драматургия классикасы – «Трамвай «Желание» сахналанды. Уильямс Теннесидің ең атақты туындысын қырғыз режиссері Нұрлан Асанбеков өзіндік көзқараспен жандандырды. Қоюшы-суретші – Юлдаш Нұрматов.   Қойылым көрермендері өткен ғасырдағы Жаңа Орлеанға сапар шегеді. Сюжет мынадай: сіңлісінің үйіне көшіп келген Бланш Дюбуа күйеу баласымен тіл табыспайды. Көзқарастары мүлдем бөлек адамдар бір-бірінің қас жауына айналады десе де артық болмас.

БЕКПОЛАТ ПАРМАНОВ, М.ГОРЬКИЙ АТ. ОРЫС ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ БАС РЕЖИССЕРІ:

Уильямс   Теннеси пьесасының біздің театрда сахналануы үлкен жетістік. Бұл мықты актерлік құрамның арқасы деп ойлаймын.  Қойылымда жалғыздық, махаббат, күйзеліс сынды сезімдердің бәрі көрініс табады. Кейіпкер өмірдің мәнін түсінуге тырысқанмен, жауап таба алмайды. Трагизм осында жатыр.  

Басты рөлдегі Маргарита Мухаметдиева Бланштың образы оның да бір қырын танытатындығына сенімді. Қойылымның әр сахналануы ол үшін жаңа хикая. Алайда көремендердің ықыласы еш өзгеріссіз. 

МАРГАРИТА МУХАМЕТДИЕВА, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ:

Қойылымды әйелдердің ғана емес, ер адамдардың да ықыласпен қабылдауы маған аса қымбат. Осы пьесаны Павлодар, Орал және Шымкент қалаларында сахналадық.  Барлық зал жылағанда,  бір ірі денелі ер адамның да көз жасын тоқтата алмағанын байқадым.  Көрермендердің мұндай қабылдауы біздің жұмысымызға берілген өте жоғары баға, зор алғыс  деп білемін.

«Трамвай «Желание» драмасы театрдың аса танымал спектакльдерінің қатарында. Әр қойылымда зал лық толы. Бұл режиссердің ерекше көзқарасы мен актерлер ойынының мықтылығын білдірсе керек. Бастысы, спектакльден соң әр көрермен өмір жайлы ой түйеді. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер