Ертіс өңірімен көрші жатқан Омбы облысында тұратын қазақтар Әз Наурызды кеңінен атап өтуді игі дәстүрге айналдырған. Санаулы күндерден кейін басталатын Ұлыстың Ұлы күніне дайындық қалай? 

Бүгінде Омбы облысында 80 мыңнан астам қазақ тұрады. Қандастарымыз ұлттық құндылықтарын дәріптеп, ана тілдерін меңгеруден қол үзбеген, деп хабарлайды Baq.kz. Сібір өңіріне шуақты көктем кеш келетіні әу бастан белгілі. Бұған қарамастан, омбылық қандастарымыз Әз Наурызды 22 наруызда ғана емес, сәуір айында да кеңінен тойлайды.

«Осы күні Ресейдің Омбы жерінде 80 мыңнан астам қазақ өмір сүріп жатса, олардың барлығы өздерінің ата-бабасының ата қоныстарында орналасқан. Омбының қазақ ауылдарындағы ескі зираттарға бірнеше ғасыр болғанын ақсақалдарымыз айтып жатады. Сондықтан, Әз Наурызды сібірдің қысына қарамастан, 22 наурызда атап өту дәстүрі ежелден қалыптасқан. Қазақ жастары ата-баба салтына қиянат жасамаған азаматтармыз. Игі дәстүр бүгінгі күні де жалғасын тауып келеді», - дейді «Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының жетекшісі Торғын Әшенова.

«Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымы Ресей жерінде қазақ мәдениетін кеңінен насихаттаумен айналысады. Наурыз мейрамының ұлттық құндылығын келер ұрпаққа насихаттау да – үкіметтік емес ұйымның негізгі мақсаттарының бірі.

«Мен қазақ ауылында туып-өстім. Бала кезімізде ауылымыздың ақсақалдары Әз Наурызды тағатсыздана күтіп, үлкен той жасайтыны әлі есімде. Апа-әжелеріміз бауырсақ пісіріп, Наурыз көже пісіреді. Көрші-қолаң ақ дастарқан басына жиналады, Наурыз бата беріледі. Игі дәстүр бүгінгі заманда да өзектілігін жоғалтпаған», - дейді Торғын Әшенова.

Жалпы, жыл сайын Наурыз Называевский ауданында кеңінен тойланады. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, жұртшылық бір-бірін ұлттық мерекемен құттықтайды. Қазіргі таңда бұл аймақта 7 қазақ ауылы шоғырланған. 22 наурызда ауылдарда бәйге, қазақша күрестен жарыстар да ұйымдастырылады.

«Таврический ауданында Наурыз мейрамына орай концерт ұйымдастырылады. Қуантарлығы, биыл аудандағы қазақ орталығына киіз үй сыйға тартылған болатын. Мереке күні біз киіз үйде дастарқан жайып, жұртшылыққа Наурыз көже ұсынбақпыз. Жалпы, Ұлыстың Ұлы күнін сәуірде де тойламақ ниеттеміз. Бұған Омбы облысындағы «Мөлдір», «Замандастар» қоғамдық ұйымдары да атсалысады. Мерекені 8 сәуірде аяқтаймыз. Бұл күні облыс орталығындағы демалыс және мәдениет саябағында өтетін мерекені Омбы облысында тұратын өзге ұлт өкілдері де бас қосып, мейрамның шырайын ашпақ. Бір сөзбен айтқанда саябақта қазақ ауылы бой көтереді. Асық атып, тоғызқұмалақтан сайыстар ұйымдастырылады», - дейді Торғын Әшенова.

Айта кетейік, Әз Наурызды атап өтуде Омбы қаласы әкімдігінің қолдауы бар.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер