Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Елбасы кітапханасының музейі ғимаратында «Art Sapar of Kazak Eli» көрмесі ашылды, деп хабарлайды Baq.kz.

Көрме аясында мүсін және бейнелеу өнері бойынша шеберлік-сыныптар топтамасы ұйымдастырылды.

«Art Sapar of Kazak Eli» жылжымалы көрме жобасына 2013 жылы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері бастамашылдық танытқан. Оның басы-қасында суретші Анар Әубәкір бастаған жас талантты суретшілер тобы болды.

Кітапхананың баспасөз қызметі хабарлағандай, алғаш рет «Art Sapar» көрмесі Павлодар қаласында бастау алды. Кейінгі жылдары Семей, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Қарағанды, Теміртау, Көкшетау, Петропавл, Өскемен және Ақтау қалаларының тұрғындары да қылқалам шеберлерінің туындыларын тамашалады. Енді өнер жауһарларымен Елбасы кітапханасының музейінде танысуға мүмкіндік бар.

«2008 жылдан бастап Кітапхана музейінде шығармашыл жастарды қолдауға арналған «Үкілі үміт» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Оның арқасында жас дарындар үшін өздерін кеңінен танытуға жол ашылды. Жобаның басты мақсаты – еліміздегі және алыс-жақын шетелдердегі жас суретшілердің, мүсіншілердің, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің жетістіктерін паш ету, елордамыздың тұрғындары мен қонақтарына жаңа есімдерді таныстыру. Бізде жас суретші Анар Әубәкір, Ренат Елубаев, Бейбіт Әсемқұл, мүсінші Жанна Нөгербектің алғашқы жеке көрмелері өтті. Жуырда өткен дарынды жас суретші Гүлдана Жұрқабаеваның көрмесін де атап өтуге болады. «Art Sapar I/Astana» көрмесі «Үкілі үміт» жобасының дәйекті жалғасы болмақ», - деп атап өтті көрменің ашылу салтанатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары Күләйша Ақтаева.

Көрменің аясында қос залда Балалар көркемсурет мектебі – ЮНЕСКО клубы оқушылары үшін кескіндемеден Анар Әубәкір, мүсіндер бойынша Данияр Сарбасов шеберлік-сыныптарын өткізді.

«Шеберлік-сыныбы –үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Мен өзімнің осы жылдар ішінде жасаған жұмысыммен бөліскім келеді. Туындыларымнан өскелең ұрпақ үлгі алып, болашақ мүсіншілер шабыттанады деп сенемін. Өкінішке орай, Қазақстанда мүсіншілер өте аз. Ал шығармашылықпен айналысатындар саусақпен санарлық. Ең алдымен мүсіншіге шығармашылық шабыт қажет. Егер шебердің шабыты болмаса, жұмысқа деген қызығушылығы жоғалады. Бұдан бөлек, мүсін жасауға көп уақыт пен қаржы керек. Оның біреуін жасау үшін ермексаздан мүсін пішінін сомдап, оны балауызбен өңдеп, қоладан құяды және тазалайды. Осылайша оған тиісті рең береді», - деп өзінің сырымен Данияр Сарбасов бөлісті.

Суретші Анар Әубәкір «Art Sapar» жобасы жайлы кеңінен әңгімелеп берді: «Art Sapar» – өте қызықты жоба. Оның аясында барлық авторлар түрлі техниканы қолданып, түрлі жанрда жұмыс жасайды, әрқайсысының өзіндік шығармашылық тәжірибесі бар. Әр қаладағы экспозициялар жаңа туындылармен толығып отырады. Осылайша, жоба қалаларға саяхаттап қана қоймай, авторлардың шығармашылық өмірі мен жетістіктерін көрсетеді. Бүгінгі көрмеде 70-тен аса жұмыс ұсынылды. Бұл – жоба аясында Астана қаласындағы бірінші көрме. Мен үшін бұл шығармашылық қызметімнің жаңа белесі және де соңғы 5 жылдағы есеп беру көрмесіне айналды».

Жоба авторларының ішінде кескіндеме және графиканы Анар Әубәкір, Ғалия Төремұратова, Алмас Нұрғожаев, Али Закир, Қадыр Мақсұтқан, Мөлдір Сағындықова; мүсінді Талғат Жұмағұлов, Бағдат Сарсенбиев, Жанна Нүгербек, Данияр Сарбасов; сәндік-қолданбалы өнерді Наталия Баженова, Бауыржан Досжанов, Гүлмарал Татибаева ұсынады.

Әр автор өзінің жеке дүниетанымын және әлемге деген көзқарасын білдіруге тырысқаны анық байқалады. Бірақ барлық жас қылқалам шеберлерін белсенді өмірлік ұстаным және жақсылыққа деген ұмтылыс біріктіреді. Олардың көпшілігі Қазақстан тарихындағы көркемдік бейнелер мен бай дәстүріміздің мәдени бастауларынан шабыт алады.

«Art Sapar» көрмесі 2017 жылдың 29 наурызына дейін жалғасады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер