Астанада Сириядағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі кезекті отырыста кепіл елдер бірлескен мәлімдеме жасады. Таяу Шығыс елінің жайын талқылауға олар осымен үшінші рет Астанаға оралып отыр. Өз кезегінде елордамыз тараптарға ой алмасып, пікір бөлісетін алаң ұсынып келеді. Ресей, Иран, Түркия кешеден басталған келіссөздің негізгі қатысушылары.  Олардың бірлескен мәлімдемесін еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Қамалдинов оқып берді.

АҚЫЛБЕК КАМАЛДИНОВ, ҚР СЫРТҚЫ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІ:

Бірлескен үндеу оқ атуды тоқтатуға өз септігін тигізеді. Әрине мәселені түбегейлі шешу қиын. Бірақ, біз осы бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Біздің мақсатымыз – Сирияда бейбіт күн орнату. Осы орайда Астана процесінің маңызы зор. 

Күллі әлем көз тіккен Астана процесі мұнымен айқталмайды. Енді қатысушылар мамыражай мамырда елордаға оралып, тағы бір мәжіліс құрмақ. Оған дейін сәуір айында Тегеранда басқосу өтеді. Жалпы, Астана процесі мәселені түбегейлі шешпегенмен, бұл жағдайдың тігісін жатқызуға өз септігін тигізеді деген сенім бар.

Ресей  - Сириядағы бітімге кепіл елдердің бірі. «Астана мен Женева - бірін-бірі толықтыратын келіссөз алаңы», - дейді Ресей Федерация Кеңесі халықаралық істер бойынша комитетінің басшысы Константин КосачЁв.

КОНСТАНТИН КОСАЧЕВ, РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯ КЕҢЕСІНІҢ КОМИТЕТ БАСШЫСЫ:

Астана процесі Женевадағы келіссөздер шеңберінде шешімін таба алмайтын мәселелерді қарастыру үшін ұйымдастырылған. Астана процесі арқасында біз оппозицияның әр түрлі топтарының бастарын қосып, ортақ шешімді іздестіре аламыз. Әрине, Астана мен Женева қарама-қайшы не бәсекелес алаңдар емес. Олар бір-бірін толықтырады. Астана процесінің осы кезеңінің маңызы ерекше, себебі ол Сириядағы саяси процесті дамытуға жағдай жасайды. Бұл – ең бастысы.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер