EXPO-2017 көрмесіне Оңтүстік Кореяның Үкімет мүшелері, ірі компаниялардың басшылары мен шоу-бизнес өкілдері келеді. Бұл туралы Сеулдегі Қазақстан елшілігі қызметкерлерімен кездесу аясында көрмеге баратын Оңтүстік Корея командасының директоры Бён Йон Соп айтты. Астана көрмесінде шараларын ұйымдастыру үшін Корея сауда даму Агенттігі жанынан арнайы бөлімше құрылған. Ал кореялық павильонның тақырыбы: «Болашақ энергиясы – ақылды өмір» деп аталады. Сондай-ақ, көрме аясында Астанада Қазақстан мен Корея энергетика министрлерінің қатысуымен Энергетикалық Саммит өткізу жоспарланған.

БЁН ЙОН СОП, «АСТАНА EXPO-2017»-ДЕ ОҢТҮСТІК КОРЕЯ КОМАНДАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Корея мәдениетімен таныстыру үшін EXPO көрмесіндегі әр күнді жоспарлап отырмыз. Жүзден астам оңтүстіккореялық мыңнан астам шараны ұйымдастырады.  Біз көрме қонақтарына жаңа технологияны көрсетумен шектелмей, мәдениетімізді және Пхенчханда өтетін қысқы олимпиаданы насихаттаймыз. Корейлердің Қазақстанға күштеп қоныс аударылғанына да 80 жыл. Осы датаға байланысты да шара өтеді.

Ал Астанада ЕХРО көрмесіне дайындық және оны өткізу бойынша кеңес өтті. Оған ұйымдастырушылардан бөлек, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, еліміздің ірі ақпарат құралдарының басшылары қатысты. Жиында Астанадағы көрменің тарихи маңыздылығын және оның Қазақстанның халықаралық беделін нығайтудағы ролін барынша түсіндіру қажеттігі айтылды. Айтулы шараға қатысушы елдердің ресми делегацияларынан бөлек, өнер адамдары, ғалымдар, іскерлер сияқты түрлі сала өкілдері келмек. Жаһандық оқиға барысынан әлемнің ірі ақпарат құралдары хабар тарататын болады. «Қазақстанның беделі күллі әлем көз тіккен EXPO көрмесінің қалай өтетініне байланысты болмақ», деді еліміздің Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер