Астанада «Болашақ энергиясы» тақырыбымен ЕХРО көрмесінің өтуі елімізде баламалы энергия көздерінің дамуына ықпал етті. Жас ғалымдар қуат алудың тың жолдарын іздеуге ден қойды. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында мектеп оқушысы қарапайым жолмен биогаз өндіру жобасын жасады. Никита Джепаров бұл теориямен көптен бері шұғылданған. Қондырғыны жасау үшін пластикалық ыдыс, кәріз құбыры және ашылып-жабылмалы шүмек қолданған.

НИКИТА ДЖЕПАРОВ, ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШ:

Бұл қондырғы арқылы өндірілген биогаз, жылытуға жұмасалатын мыңдаған тонна отын мен табиғи газды алмастыра алады. Ал биогазды өндіруге бізге тек малдың қиы мен жас тезегін пайдаланамыз».

Химик-ғалымдар мал тезегінен тәулігіне шамамен 4,2 текше метр газ алуға болатынын есептеп шығарған. Ал бір шаршы метр аумақты тәулік бойы жылыту үшін 0,2 текше метр биогаз қажет. Никита Джепаров демеуші табылса, жобасын әлі де жетілдіріп өндірісте іске асыруға дайын.

Қызылордалық өрен де түлік тезегінен биогаз өндіру тәсілін ұсынып отыр. 4-сынып оқушысы Кәусар Қабылбек оның баламалы шикізат ретінде мұнай өнімдерін алмастыра алатынын айтады. Өйткені мал азығының 40 пайызы органикалық заттардан тұрады. Оны бау-бақшаға тыңайтқыш есебінде пайдалануға әбден болады. Кәусар Қабылбек ғылыми жобасын енді «EXPO-2017» көрмесі жанынан құрылып жатқан «Жас өнертапқыштар» ұйымына ұсынуды жоспарлап отыр. 

КӘУСАР ҚАБЫЛБЕК, ЖАС ӨНЕРТАПҚЫШ:

Үй жануарларын алып және үй қалдықтарынан демек, қағаздарды тағы басқа үйден шыққан қалдықтарды сумен араластырып біз қосынды әзірлейміз. Осы қосындыны түтікше арқылы биореакторға құямыз. Биореактор ішінде 42 сағат ашытылады. Яғни 2 күн. Содан кейін оны 2 түтікше арқылы газ тазарту қондырғысына апарып, көлікке жанармай, жылу, от, жарық ретінде аламыз. Оны электр станциясына апарып та осы заттарды алуға болады.

Ал ақтаулық оқушы ақылды тақия ойлап тапты. Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Сәттіғали Жолдасбайдың өнертабысы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Көзі нашар көретін адам тақияға орнатылған қондырғының көмегімен алдынан кездескен барлық кедергіні сезе алады.

СӘТТІҒАЛИ ЖОЛДАСБАЙ, НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

Бұл жоба кедергілерді көру датчигінен және виброматорлардан тұрады. Алдында кедергі пайда болған жағдайда вибрациялар жасалып, виброматор адамға кезіледі де, адам өз жүрісін өзгерте алады.

Өнертапқыш құрылғыны қолында бар заттармен құрастырып шығарған. Сондықтан бағасы да қолжетімді. Жобаны дайындауға бір ай уақытын жұмсапты. Өнерлі өрен алғашқы тақияны таяқпен жүретін атасына сыйға тартпақ.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер