Әсерлі әуен, айрықша би және ауқымды сценография. «Астана Балет» театры кезекті тың туындымен көрерменін қанықтыруға қамданып жатыр.   Елордалық сахнада «Вальпургиев түні» балетінің тұсауы кесіледі. Өнерсүйер қауым Шарль ГунОның музыкасына жазылған классикалық шығарманы әйгілі хореограф Георгий Ковтунның көзқарасымен ұсынылатын нұсқада тамашалай алады. Ресейлік маман бүгінге дейін әлем бойынша 300-ден астам қойылымды сахналаған.

ГЕОРГИЙ КОВТУН,  ХОРЕОГРАФ:

Бұл – ренесанс мәнеріндегі классикалық спектакль. Қойылымның түп мағынасы сақталды, тек заман талабына сай озық технологиялық мүмкіндіктердің көмегімен әрленіп отыр. Жарықтың өзі ерекше беріледі. 3Д әсері қолданылады. Мен мұны  спектакльден де ауқымды үлкен өнер туындысы дер едім.

Орыстың классикалық балет дәстүріне негізделген қойылым Грекияның көне аңыздарына жан бітіреді. Спектакльдің шуақты көктемде жарыққа шығуы  бекер емес. Оқиғалар желісі гректердің жер өңдеушілер мен егістік алқаптарының құдайлары табиғат жанданған сәтті ұлықтау шаралары төңірегінде өрбиді.

ДИАНА БАТЫРОВА, БАЛЕТ АРТИСІ:

Періштелер, жын-шайтандар сынды мифологиялық кейіпкерлер бар. Мен сол арбаушылардың кейпінде боламын. Ол өзімнің жан дүниеме жақын десем болады. Өйткені мен тез, ширақ қимылдағанды жақсы көремін.  Менің ойымша, бұл біздің театрдағы ең ауқымды балет болғалы тұр.

Ақ пен қараның ара-жігін айқындайтын туындыда аспан әлемі мен адамзаттың тағдыры жіпсіз байланғандығы кеңінен көрініс табады.  Көктегі періштелер жерге түсіп, зұлымдықпен күресіп, жер жаһанға бақыт сыйлады. Спектакльге алғаш рет ұлттық хореографиялық академиясының шәкірттері тартылып отыр.

САБИНА ТӘЛІПХАН, ОҚУШЫ:

Маған періштенің рөлін ойнау ұнайды. Бұл жерде жұмақ пен тозақ та бар. Жұмақта біз адамдарды ғашық қылдырып жүреміз. Оларды тек жақсы жақтарға тартамыз.

Бүгінде  «Астана Балет» театрының қорында 10 шақты  балет пен бірнеше концерттік  бағдарлама бар. Жыл соңына дейін  өнер ұжымы көрерменге тағы бірқатар әлемдік дәрежедегі балетмейстерлердің   жаңа қойылымдарын тарту етпек.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер