Түркі халықтарына ортақ абыз Қорқыттың қалдырған мәдени жәдігерлерінің ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне енетін күні жақын. Отандық ғалымдардың зерттеу еңбектері, дәлелдемелері ЮНЕСКО ұйымы мен ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияға тапсырылған. Қорқыттың бай дүниесі жаһан жұртын қызықтырады. Оған дәлел 3 жыл бұрын қайта жаңғыртылған бабаның мемориалды кешенін тамашалауға былтыр 16 мыңнан астам шетелдік қонақ келген. Сол себепті киелі кесене «EXPO-2017» көрмесінің туристік бағытына қосылып отыр.

АЗАМАТ ДОСЖАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ТУРИЗМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ «Ресей мемлекеті, ТМД елдері келеміз деп жоспарлап отыр. Және шетелдерден ең қызығушылық көп болып отырған ол Франциядан, Англиядан, Германиядан және Қытайдан. Қазақстандық 7 туроператор белгіленді. Байқоңыр кешеніне апарады және осы Қорқыт ата мемориалдық кесенесіне бір бағытта баратындай арнайы турпакеттер әзірленді».

Рухани болмысымыздың алтын арқауы саналатын Қорқыт баба қалдырған гуманистік ниеттегі дидактикалық мұралары, өсиет-қағидалары қоғамның бүгінгі тыныс-тіршілігімен толық үйлесім тауып отыр. Абыздың тұтас дәуір шежіресін бойына сыйғызған күйлері халықтық фольклор арқылы бүгінге жетті.

СЕРІК ЖАҚСЫҒҰЛОВ, ЖЫРШЫ «Қазақ өнері мен мәдениетінде қалғаны 12 күй. Айтулы Аққу, Ұшардың ұлуы, сол сияқты Бәшпай, тағысын тағы ұлы күйлері орындалып, бүгінгі таңда киелі қобыз аспабын жасаушы, күй өнерін дамытушы, күй атасы деп біз толық Қорқыт атамызды айта аламыз».

Қорқыт туралы сан тарау аңыз бар. Сол құндылықтарды жіктеп-жіліктеп, сақтап, өскелең ұрпаққа табыстау мақсатында Сыр елінде Қорқыт ата және өлкетану ғылыми зерттеу институты құрылды.

ҒАБИТ ТҰЯҚБАЕВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ «Қорқыт ата мұралары бүкіл түркі тілдес елдерге ортақ мұра, ортақ рухани қазына дегенменде, Қорқыттың күйлері басқа халықтарда кездеспейді. Сондықтан біздің Қорқыт ата күйлерін таңдап ұсынуымыздағы да негізгі мақсаттың бірі – осы Қорқыт ата тұлғасының біртабан болса да қазаққа жақын екендігін көрсету. Біздің ұлттық топырақта, әсіресе сыр өңірінен шыққан орта ғасырлардағы перзенті ретінде көрсету – негізгі мақсаттың бірі».

Қорқыт бейнесі арқылы өңірдің жалпы рухани-тарихи мұраларының қайта жаңғыруына жол ашылды. Бұл – аймақтың бар кереметін жаһандық деңгейде паш етудің таптырмас мүмкіндігі болып отыр. 

 

Сурет: silkadv.com

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер