Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қоры тұңғыш рет индустриялық жобаны қаржыландырды. Қаражат «БРК Лизинг» арқылы  отандық «ЗИКСТО» зауытынан контейнерлерді тасымалдауға арналған 1132 теміржол платформасын алуға жұмсалды. Жоба «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Үкіметтің 2015-2019 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы шараларын жүзеге асыру аясында қолға алынды.           Ол қазіргі вагондар паркін жаңартып қана қоймай, «Қытай-Еуропа-Қытай» стратегиялық бағыты бойынша жүк тасымалды ұлғайтуға да сеп болмақ. Осылайша, елдің транзиттік әлеуеті арта түседі, -дейді сарапшылар. Болжам бойынша, 2020 жылға дейін аймақтағы жүк тасымалы 170 млн тоннаға өспек. Бұл тұста жылжымалы құрамның маңызы арта түсері анық. 

РИНАТ ГАППАРОВ, «БРК ЛИЗИНГ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Жоба құны – 17 жарым миллиард тенге. Бұл қаражат толықтай Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан 10 жылға бөлініп отыр.  Сыйақы мөлшерлемесі – 18 пайыз. Қазіргі таңда сыйақы бойынша 1 млрд 280 млн теңге мөлшеріндегі алғашқы  төлем жасалды. 

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы» жолдауында Президент  Үкіметке транзиттік тасымалдың жылдық көлемін 7 есе арттыруды тапсырған болатын. Белгіленген меже – 2020 жыл. Бұл мерзімге дейін Қазақстан арқылы өтетін транзиттік тасымалдан түсетін табыс жылына 4 млрд долларға жетеді деп жоспарлануда. 

Сурет: riatec.md

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер