Қазақстан Оңтүстік-Шығыс Азияны Еуропамен байланыстырушы хаб болмақ. Ал Вьетнамдағы ең ірі Сайгон Ньюпорт корпорейшн компаниясының порты біздің тауарларды Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізетін негізгі орталыққа айналуы мүмкін. Қазір темір жолмен байланысқан Ляньюньган порты арқылы жүкті тікелей Вьетнамға тасымалдау мүмкіндігі қарастырылуда. Екі ел байланысының дамып келе жатқанын Қазақстан мен Вьетнам арасындағы тауар айналымының өскенінен білуге болады. Былтыр ол 330 миллион АҚШ долларын құрады. Соның ішінде Қазақстан экспорты – 147 млн доллар. Бұл көрсеткіш 2015 жылы небәрі 10 млн доллар ғана еді.

БЕКЕТЖАН ЖҰМАХАНОВ, ВЬЕТНАМДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ «Қазақстаннан Вьетнамға болат, алюминий, қорғасын экспортталады. Бұл – Вьетнам экономикасына құрылыс үшін қажет материалдар. Қазір біз Қазақстаннан азық-түлік тауарларын жеткізу амалдарын қарастырып жатырмыз. Болашақта бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық саладағы ынтымақтастықтың негізі болады».

Бұл – Хошимин қаласындағы Қазақстан, Вьетнам, Қытай өкілдері жиналған алғашқы маңызды кездесу. Жиын барысында «Қазақстан-Қытай-Вьетнам» транзиттік дәлізі бойынша Еуропадан Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне және кері бағытта жүк тасымалдау мүмкіндіктері талқыланды.

ВАН КЮИ БУЙ, «CAT LAI» ТЕРМИНАЛЫНЫҢ ӨКІЛІ «Ляньюньган порты арқылы Вьетнамнан Қазақстанға одан әрі Еуропаға және кері қарай тауар тасымалдаудың болашағы бар деп ойлаймын. «Сайгон Ньюпорт корпорейшн»-ге қарасты «Кат Лай» терминалы Индонезия, Тайланд және өзге де Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне тасымалданатын тауарды түсіруге ең қолайлы әрі ең үлкен заманауи терминал».

Қазір Қытай Ресейге және Еуропа елдеріне тауарын жеткізу үшін Ляньюньган портынан шығатын темір жолды пайдаланады. Егер, Еуропа-Қазақстан-Вьетнам дәлізі ашылса, әлемдік сауда-саттықты үлкен өзгеріс күтіп тұр. Вьетнамның Хошиминдегі порты мен Қытайдың Ляньюньган арасындағы тікелей теңіз жолын 6 күнге дейін қысқартуға болады. Сонда Вьетнам тауары Ляньюньган портымен Алматыға екі аптада жетеді. Егер ол теңізбен жүрсе, 45 тәулік кетеді.

БЕКЕТЖАН ЖҰМАХАНОВ, ВЬЕТНАМДАҒЫ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ «Біз бүгін серіктестерімізбен Ляньюньган портынан Вьетнамның Сайгон Ньюпорт корпорейшн портына дейінгі логистикалық бағыттың ашылуы жөнінде келіссөз жүргіздік. Бұл Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің кәсіпкерлеріне өз тауарын Оңтүстік Шығыс Азияға жеткізіп, кері бағытта біздің аймақта жоқ қажетті өнімдерді тасымалдауға мүмкіндік береді».

Қазір Вьетнам мұнай, газ, өзге де табиғи ресурстарды, теңіз өнімдерін, күріш, кофені АҚШ, Жапония, Австралия мемлекеттеріне экспорттайды. Кофе өндіруден тіпті, Бразилияны басып озған. Тынық мұхиты елдері арасында экономикасы қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірі. Сондықтан Қазақстан үшін Вьетнамға транзиттік бағыттың пайда болуы жаңа мүміндіктер ашары сөзсіз. 

Сурет: 24.kz

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер