Сирия дағдарысы – күллі әлемді алаңдатқан мәселе. Қазақстан да оның бейбіт шешілуіне үлес қосуда. Ресейлік саясаткерлер мен сарапшылар елордадағы басқосуға өз бағасын берді. Мемлекеттік Дума депутаттары «тараптардың қазақстандық алаңда кездесуі – Сирия мәселесінің жаңа форматқа өтуі» деген баға берді.

АДАЛЬБИ ШХАГОШЕВ, РФ МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАСЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Бір кездері бітіспес жау болған, бір-біріне оқ атқан тараптар бір үстел басына жиналды. Қолына қару алып, соғысып жүрген адамдар келелі кеңеске келіп, маңызды мәлімдемелерді тыңдады. Астана процесінің басты жеңісі осы дер едім.

Ресейлік қоғам қайраткерлері Астана процесі Сирияда бейбіт өмірдің орнауына әкелетін бастама боларына үлкен сенім артады.

ВИКТОР САДОВНИЧИЙ, ЛОМОНОСОВ АТЫНДАҒЫ ММУ РЕКТОРЫ:

Қазақстан Президенті халықаралық қатынастар саласында қиын жағдай туындаған кезде тыс қалмай, үнемі мәселені шешуге үлесін қосып отырады. Бұл жолы да жақсы бітімгершілік бастама ұсынды. Сирия қақтығысы секілді маңызды мәселенің Астанада талқылануы – қазақ елі басшысының жетістігі. Және халықаралық мәселені шешуге бағытталған сәтті қадам деп атауға болады.

Астана процесінің маңызы туралы Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб пәтерінде айтылды. Әлем саясаткерлері де Қазақстан елордасындағы келіссөзге үлкен үміт артып отыр.

ИСМАЭЛЬ ГАСПАР МАРТИНС, АНГОЛАНЫҢ БҰҰ-ДАҒЫ ТҰРАҚТЫ ӨКІЛІ:

Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне өте қиын кезде келді. Міне, енді біз тағы да Астанаға телміріп отырмыз. Сирия жайлы қандай шешім шығатынан күтеміз. Келісімге келе алмай жүрген екі тарапты Қазақстан ынтымақтастырып жіберуі мүмкін. Ондай болса жағдай қалыпқа келіп, соғыс тоқтар еді. Қазақстан резолюция мен деклорациялардың қабылдануына септігін тигізіп жатқан мықты мемлекетке айналды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер