«EXPO» халықаралық көрмесі нысандарының құрылысы аяқталып қалды. Бұған төрткүл дүниенің аузында жүрген алып құрылыс мекенін аралаған Мәжіліс депутаттары көз жеткізді. Бүгінде бар жоспардың 90 пайызы еңсеріліп, 90 ел өз павильонын алып үлгерген. Кейбірі ішін әрлеп, жабдықтау жұмыстарын жүргізуде. Қазақстандық тарап шар тәріздес ғимарат пен «Үздік тәжірибелер аймағын» және «Тақырыптық павильондарды» толтыруы тиіс. Бұл мақсатта ең озық 27 жоба іріктелген. 

АЗАТ ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Қарасам, құрылыс негізі бітті деп айтуға болады. Әсіресе, халықаралық павильондар туралы айтсақ, олар иедалды жағдайда болуда.  Міне, өз көзіммен көріп бұл жағдай шынымен де сенімді екен деп көзім жетіп отыр.

«ЕХРО» көрмесінің экономикалық тиімділігін Қазақстан қазірдің өзінде сезініп отыр. Атап айтатын болсақ, шара нысандарының құрылысына еліміз бойынша 50 мың адам атсалысып, жұмыспен қамтылды. Отандық өндіріс ұлғайып, тауар өндірушілеріміз 233 млрд теңгенің өнімін шығарған.  Ауқымды шараға халық қалаулыларының өз үлесі бар. Парламентте «Халықаралық көрмелер туралы Конвенция» ратификацияланды, халықаралық мамандандырылған көрме жөнінде арнайы Заң да қабылданды. Көрме қалашығының аумағында жұмысын бастап кеткен бірыңғай қызмет көрсету орталығының мәліметіне сәйкес, бүгінге дейін 640 мың билет сатылыпты. Бұл істен де депутаттар қалыс қалмады.

ШАВХАТ ӨТЕМІСОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Билет сатып алдым бүгін. Билеттің неше түрі бар екен. Жұмыс күні келетін адамдарға, демалыс күні келетін адамдарға. Мен бұл «ЕХРО-ға» өз отбасыммен келіп, көріп, ең заманауи технологиялармен, жобалармен, мүмкіндіктермен танысуды жоспарлап қойдым. Жалпы қазақстандықтарға қызықты болады деп ойлаймын.

Шетелдік қонақтар үшін визалық қолдаудан бастап, салық төлеуге дейін барлық қызмет түрлері бірыңғай қызмет көрсету орталығында көрсетіледі. Қатысушылар көрмеге қойылатын заттарды кеденнен тегін алып өтеді. Ал тіркеуге қашықтықтан отырып-ақ, электронды түрде тапсырыс бере алады. 

ДИАС ӘЗБЕРГЕНОВ «АСТАНА ЭКСПO-2017» ҰК ДЕПАРТАМЕНТ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл орталықта көші-қон тіркеуі, кедендік қолдау, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау сынды 12-ден аса қызмет көрсетіледі. Мемлекеттік және  қаржылық қызмет түрлері де ұсынылып отыр. Шетел азаматтары тіркеуге тұрған соң өз банк шоттарын да ашып, шаруашылық жұмыстарын жүргізе алады. Сонымен қатар, сақтандыру, логистика, почта қызметтеріне дейін қарастырылған.

Елорда төрінде өтетін халықаралық мамандандырылған көрмеге бүгінге дейін 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысатындығын растады. 110 ел өз комиссарларын бекітті. Көрмеге 5 млн-ға дейін турист келеді деп күтіліп отыр. Оның тең жартысынан астамы – ел азаматтары. Әлем жұртшылығын тоғыстыратын шараның қауіпсіздік мәселелері әу бастан  шешіліп қойылған.

ЕРБОЛ ШОРМАНОВ, «АСТАНА ЭКСПO-2017» ҰК БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Шара кезінде халықтың тыныштығын құқық қорғау органдарының 8 мың қызметкері қамтамасыз етеді. 1–ші наурыздан тестілік жүйеде тиісті қондырғылармен жабдықталған қауіпсіздікті қамтамасыз ету орталығы іске қосылды. Осылайша адамнан бастап «ЕХРО» аймағына кіретін  көліктерге дейін жіті тексеріледі.

Көрме шеңберінде Астанада баламалы энергия көздеріне бағытталған 40-тан аса форум ұйымдастырылмақ. Ал өтетін шаралардың жалпы саны 3 мыңнан асады. Соның онына Мемлекет басшылары мен Нобель сыйлығының лауреаттары қатысады.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер