Маңғыстау облысында саятшылар сынға түсті. «Отпан тау» тарихи-мәдени кешенінде еліміздің 8 облысынан келген бүркітшілер бас қосты. Солардың бірі – Мереке Өтеғалиұлы. Оның баптаған қырандары қансонардан бос қайтқан емес. Тәжірибелі бүркітші құс баптау қиын болғанымен үйге береке шақырады деп сенеді.

МЕРЕКЕ ӨТЕҒАЛИҰЛЫ, ҚҰСБЕГІ:

Құс баптау қиын. Бірақ, оны қиын екен деп тастап кетуге болмайды. Халқымыздың салт-дәстүрі. Біз жалғастырмағанда кім жалғастырады?Осындай жарыстар Маңғыстауда қайталанып өтіп тұрса, бұл енді ынталандыру болғандықтан жастар көріп қызығады.

Сайыстың бірінші кезеңінде бүркітші қыр басында тұрып, құстың томағасын сыпырады. Төменге қарай құлдилаған қыран ат үстіндегі қосшының қолына қонса, берілген тапсырманың орындалғаны.

Саятшылар келесі сайыста ат соңына сүйретілген түз тағысына бүркіт салды. Өңірде алғаш рет ұйымдастырылғандықтан тамашалауға келгендердің қарасы қалың. Биыл облыста 7 құсбегі тіркелген. Олардың барлығы да бәсекеге қатысып жатыр.

ҚАНАҒАТ СҮЙЕУБАЕВ, ҰЛТТЫҚ СПОРТ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл «Сонар-2017» екі күнге созылады. Бірінші бүркітшілер, содан кейін қаршыға сайысы болады. Әр сайыс ұпаймен белгіленіп, үздіктер бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Жарыстың екінші кезеңінде бүркіт пен қаршыға құстар аңға салынады. Тірі күйдегі қоян, түлкі мен қасқыр аулау кезінде бүркітшілердің құс баптау шеберлігі сынға түседі. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер