Маңғыстаулық шұбат Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізілетін болды.  Өңірдің индустриялық палатасы шетелдік әріптестерімен сәйкес келісімге қол жеткізілген. Жаңа технологиямен өңделетін сусын құтылардың ішінде 2 айға дейін сақталады. Маңғыстаудағы түйе сүтінің майлылығы 6-7 пайыз болса, араб елдеріндегі түйе сүтінің майлылығы 2-3 пайыздан аспайды. Сондай-ақ екі ел бірігіп түйелерді ұрықтандыру ісін де қолға алмақ. Сол себепті облыста түйе шаруашылығын дамытуға ерекше ден қойылмақ, осы мақсатта тіпті арнайы бағдарлама да қабылданды.

ТАЛҒАТ БАЛТАБЕКОВ, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМДІГІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

2017 жылға 174 млн теңге субсидия қарастырып отырмыз. Соның 105 млн-ын бізге берді. 105 млн теңгесіне біз 150 бас түйені сатып алуды жоспарлап отырмыз.

Қазақстандық омарташылар болса, балды брендке айналдыруды көздеп отыр. 1500 бал өсіруші кооперативке біріккен. Оның құрамына Алматы, Павлодар, Солтүстік және оңтүстікқазақстандық шаруалар еніп отыр. Бүгінде қазақстандық бал АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктерінде жоғары сұранысқа ие. Енді Қытай нарығына шығу жоспары бар.

БИТӨРЕ БӘЗІЛХАН, ШҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ МАМАНЫ:

Бүгінгі таңда бүкіл Қазақстан бойынша ауылшаруашылығы өнім өндірушілер 70-80 пайызы ұсақ шаруашылық болғандықтан, сыртқа шығару өте қиындыққа әкеп соқтырады. Соның бір жемісін көріп отырмыз. Шаруашылықтардың біріккені арқасында біздің Қытай Республикасына өнімдерді өткізуге мүмкіндік туып отыр.

Жақын көршілеріміз болса, қазақстандық тәтті-дәмдіге үйір. Қостанайдағы кондитерлік фабриканың экспорттық әлеуеті кейінгі жылдары 30 пайызға артқан. Бір ғана Челябі облысына Тобыл өңірінен айына жүз тоннадан астам тәтті түрлері жіберіледі. Бұл жерден Владивостоктан бастап, Калининградқа дейін Ресейдің 20 шақты өңіріне таратылады.

НАТАЛЬЯ МЯЛИЦИНА, САУДА КОМПАНИЯСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ /РЕСЕЙ/:

Қостанай кондитерлік фабрикасымен көп жылдан бері әріптестік байланыстамыз. Осы кәсіпорын шығаратын өнімдердің 20-дан астам түрі біздің сауда маркасымен сатылатындығын мақтан етеміз.

Челябі облысы Қазақстанмен тауар айналымы бойынша Ресейдің өзге өңірлерінен көш ілгері. Ақшаға шаққанда былтыр ол 1 млрд 400 миллион АҚШ долларына жеткен.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер