Алматыда алғашқы «Start-Up академия» ашылды. Қаладағы жоғары оқу орындарының бірінде жұмыс істейтін академияның жобасы «Даму» қоры арқылы қолдау таппақ. Орталық инженерлік салаға қызығатын, заманауи технологияға үлес қосуға мүдделі жастарға қолдау көрсетеді. Басты мақсат – талантты жастардың өнертабысын бір ортаға тоғыстыру. Академияда арнайы мамандар шеберлік сағатын өткізсе, кәсіпкерлер өнертабысты қалай қаржыландыру керектігінен кеңес береді.

АБАЙ САРҚҰЛОВ, «ДАМУ» КДҚ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

Бұл жерде жастарға қажет білім беріледі. Жоба авторлары өздеріне қажет қаржылық, институционалдық білімді осы жерден табады. Ал оқуды аяқтаған кезде студент өз жобасын қорғайды және жаңа жұмыс орындарының ашылуына себепкер болады.

«Даму» қоры бастамашыл жастардың үздік жобаларын қаржыландыруға көмектеседі. Start-Up академиясы негізінен ауылшаруашылық саласына бағытталған. Диана Душниязованың егіс алқаптарын қашықтықтан зондтау жобасы жүздеген гектар өнімді және миллиондаған теңге қаржыны сақтауға мүмкіндік берді. Академия дәл осындай идеяларды қолдау бағытында жұмыс істемек.

ДИАНА ДУШНИЯЗОВА, START-UP ЖОБАНЫҢ АВТОРЫ:

Біз арнайы дрондарға мультиспектралды камералар орнаттық, ол құралдардың көмегімен өсімдіктердің вегетациялық кезеңін, жай сөзбен айтқанда, олардың қандай да бір ауруларға шалдыққан-шалдықпағанын анықтауға болады.

НҰРЖАМАЛ ДҮЙСЕНҒҰЛОВА, ЕУРАЗИЯ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ:

Бұл жобалар көбінесе ауылшаруашылық кәсібіне арналған. Ол жобалар өзінің эксперименттік жұмысын атқарып, бүгінгі сұранысын растады.

Айта кетейік, бір Start-Up-ты бес жыл қаржыландыру үшін 10-15 млн теңге жұмсалады. Осы мақсатта Алматы әкімдігі тарапынан 2 млрд теңге бөлініпті. Мұндай академиялардың өзге өңірлердегі жетістігі жетерлік. Астана, Павлодар және Атырау қалаласындағы Start-Up академияларында өткен жылдың соңғы үш айында 102 адам оқыған. Нәтижесінде, 40 жоба қолдау тауып, он екісіне инвестиция берілген. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер