Әлемде Қазақстанға деген қызығушылық зор. Еліміздің мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен танысуға құштар шетелдіктердің саны жылдан жылға артып келеді. Ұлт туралы, оның тарихы, ерекшеліктері туралы оның ұлттық киімі арқылы білуге болады, дейді Киевте өткен сән үлгілері шарасына қатысушылар. Онда әлемнің 20-дан астам елінің дәстүрлі костюмдері көпшілік назарына ұсынылды. Қатарында қазақтың ұлттық ою-өрнегімен әрленген тың жобалар да бар. Қазақтың ұлттық киімдерін Қазақстанның Украинадағы елшілігі ұсынған. Алтын түсті жіппен тоқылған мынадай шапандар келген меймандар үшін жаңалық болды.

ДАРЬЯ КАРЯКИНА, OUTLOOK ЖОБАСЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ:

Киімнің түсі ұлттық нақышқа сай келеді. Қолмен тоқылған жасыл түсті костюм әйелдерге арналған. Ал киізден басылған бұл бас киім темір түсті жіптермен көркемделген. **ckl*** Сонымен қоса бізде ерлерге арналған киімдер де бар. Яғни Қазақстанның терең тарихы мен мәдениет паш ететін жұп дайын.

Қазақ қызының киімін халықаралық құқықты меңгеріп жүрген жергілікті студент Арина Серая киіп шықты.

АРИНА СЕРАЯ, СТУДЕНТ:

Қазақ бойжеткенінің киімін өзім таңдап алдым. Оюмен өрнектеліп, әдемі тігілген, украиналық костюмге ұқсамайды. Өз басым, Қазақстанда болып көрмегенмін, бүгінгі шарадан кейін сіздің елге, қазақ халқының мәдениетіне деген қызығушылығым оянды. Сондықтан келешекте Қазақстанға саяхаттап баруым әбден мүмкін.

Осы Украинада қазақ тілін меңгеруге құлшыныс танытқандар да аз емес. Олардың дені Киевте тұратын қазақтар болғанымен, жергілікті халық өкілдері де баршылық. Мұнда Қазақстан елшілігінің қолдауымен апта сайын өтетін бір жарым сағаттық дәрісте тіл курстары ұйымдастырылған. Сабаққа жиналған 15 оқушының жас ерекшеліктері мен қызметтері де әр түрлі.

САМАТ ОРДАБАЕВ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ УКРАИНАДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Украинада біздің диаспора өкілдері көп. Олардың бәрі де өз тарихи отанынан ажырап қалмауды ойлайды. Украина азаматтары болса да, қазақ екендіктерін ұмытпайды. Біздің елшілікпен бірігіп өткізетін түрлі іс-шараларға жиі қатысып тұрады. Міне, олардың да тілегі орындалып, қазақ тілі курсы ашылды.  

Қазақ тілі клубының оқушысы Жамил Киевке отыз жыл бұрын білім іздеп келген екен. Оқуы аяқталған соң жұмысқа тұрып, отбасын құрғаннан кейін Украина астанасында біржолата тұрақтап қалыпты. Жамил тамырынан ажырамас үшін 1994 жылы Киевте «Достық» атты қазақ мәдени қоғамын құрды. Украинадағы өзге қазақтардың басын қосатын ұйым ұлттық іс-шараларді жиі өткізіп тұрады. Жылдар бойы шетте жүрген ол ана тілінен алыстап кеткенін сезеді. Енді клубта қазақшасын қайта қалпына келтіруді жөн көреді.

ЖАМИЛ АЯЗБАЕВ, «ДОСТЫҚ» ҚАЗАҚ МӘДЕНИ ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мен ауызекі тілде ғана аздап сөйлей аламын. Білетін сөздерімнің өзі тұрмыстық деңгейден аспайды. Оқып, жаза алмаймын. Сондықтан басынан бастап, грамматиканы жаттап, дұрыс жазуды үйренуге бет бұрдым. Әрине бастау қиын. Алайда бәріміз бірігіп, алға қойған мақсаттарға жетеміз. Егер талабың мен тілге деген құрметің болса, ана тіліңді үйрену оңай.

Тіл ұстарту сабағы өте қызықты әрі ширақ өтеді. Мұнда лексика, грамматиканы жаттағаннан басқа, поэзия мен ән арқылы санаға сіңіруге басымдық берілген.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер