Атадан балаға мирас болып келе жатқан өнердің бірі – зергерлік. Көнеден жеткен жәдігерлер сол заманның сәнінен, нәзік жандылардың талғамынан сыр шертеді. Оралдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Жайық жауһарлары» аталатын арнайы залында зергерлік өнер коллекциясы ұсынылды.

ГҮЛСАЙРА НЫҒЫМЕТОВА, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

Ертеде қазақтың қыздары әшекей бұйымдарды көп таққан. Осы күмістен жасалған  шашбау, сырға, бірақ қазіргі кезде сирек. Тек мұражайлардан көреміз біз, неге қазіргі кезде де тақпасқа?  

Күмістен жасалған әшекей бұйымдардың дені 19-20 ғасырларға тән.  Құстұмсық жүзікті әлі тұрмысқа шықпаған қыз балалар таққан. Заңғар көкте еркін самғайтын құс бейнесі қыздың әлі басы бос екендігін білдірсе керек. Ал құдағи жүзікті қыздың анасы жігіттің анасына, яғни болашақ құдағиына арнап дайындайды екен. Бұл жаңадан отау тіккен жас жұбайлардың шаңырағы осы күмістей берік болсын деген ниеттен туған.  

СЫМБАТ АМАЛОВА, КӨРМЕГЕ КЕЛУШІ:

Маған ұнағаны – өңіржиек. Өйткені өңіржиек өте әдемі көрінеді адамның бойында. Сұлулығын одан сайын ажарландырады, көріктендіре түсетіні белгілі.  Жойылып кетпес үшін одан сайын жаңғыртып өзіміз  күнделікті өмірде де тағып жүру керек деп ойлаймын.

Шеберлер бағалы металдан зергерлік әшекей бұйымдар ғана емес, тұрмысқа қажет ыдыс-аяқ та соққан. Мына бір күміс самаурын – 19 ғасырдағы Ресей-Франция елдері арасындағы тығыз сауда-саттық байланысының куәсі. Жиегінде әйгілі брендтің ен таңбасы өрнектелген ыдыс жайық топырағына жәрмеңкелер арқылы жетіпті.

ГҮЛБӨБЕК ҚАЛЕШОВА, БҚО ТАРИХИ-ӨЛКЕТАНУ МУЗЕЙІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Олардың құны да жоғары бағаланған. Мысалы мына бір самаурынға назар аударар болсақ, 19 ғасырдағы самаурын Бөкей ордасы жерінде 100 жылқыға сатып алынған. 

«Жайық жауһарлары» залына 243 экспонат қойылған. Ұлттық нақышқа бай көне дәуір мұрасы ел тарихы мен мәдениетінен мол мағұлмат беретіндігімен ерекше құнды.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер