Қазақстандағы локомотив құрастыру зауыты көптеген елді, оның ішінде Әзірбайжанды жаңа машиналармен қамтамасыз етіп жатыр. Елімізден заманауи тепловоздар сатып алған Әзірбайжан локомотив паркін де жаңартуға көшкен. Жүк тасымалында қолданылатын бұл көліктер заман талабына сай жабдықталған. Әзірбайжанға экспортталған қазақстандық локомотивтердің технологиялық артықшылығы қуат үнемдейді әрі вагондарды тарту күші жоғары, сондай-ақ кабиналары барынша жайлы жасалған.

АКИМ АСЛАНОВ, «ӘЗІРБАЙЖАН ТЕМІР ЖОЛЫ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ:

ТЭ33А тепловоздары заманауи үлгіге сай жасалған. Шығынды 30-35 пайызға үнемдеуге мүмкіндік береді. Кабиналарда машинистерге арналып тоңазытқыш, салқындатқыш, жол қауіпсіздігін бақылайтын арнайы жүйе орнатылған.

Бұл көлік локомотив жүргізушілерінің көңілінен шықты. Басқару жүйесі толығымен компьютерлік бақылауда. Қозғалтқыш қуаты 4600 аттың күшімен пара-пар.

ЭМИЛЬ АЛИЕВ, ЛОКОМОТИВ ЖҮРГІЗУШІСІ:

Бұл локомотивтер басқалардан ерекше. Салмағы бес, бес жарым мың тонна құрамды тарта алады. Қауіпсіздік жүйесі локомотив жүргізушісінің әрекетін бақылап, рұқсат етілген жылдамдықтан асып кетуге мүмкіндік бермейді. Барлық мәлімет компьютермен тексеріліп отырады. Автоматтандырылған өрт сөндіру құрылғысы да бар. Компьютерден жылдамдықты, май мен су температурасын, тарту күшін бақылап отыруға болады.

Бүгінде Әзірбайжан елі тасымал жүйесін жақсарту мақсатымен локомотив паркінде жаңарту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жол қатынасындағы жүк айналымының артуына орай Әзірбайжан Қазақстаннан қосымша тепловоздар бен электровоздарға тапсырыс беріп отырмақ. Біздің локомотивтердің техникалық сипаттамаларына, қуаттылығына, үнемділігіне қарап,  және халықаралық стандарттарға жауап беретіндігінің арқасында Тәжікстан, Латвия, Эстония, Монғолия және т.б. елдерден сұраныс жетерлік. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер