«Нұрлы жол» бағдарламасының Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуімен» тоғысуы Қазақстанның аймақтағы бағыт-бағдарын күшейтуге жол ашпақ. Сарапшылар бұл екі бағдарламаның бір мезетте жүзеге асырылуының арқасында еліміз экономикалық өсімге қол жеткізеді деп отыр. Жалпы, Қазақстан мен Қытай әріптестігінің арқасында 51 жоба қолға алынбақ. Олардың дені агроөнеркәсіп кешені, энергетика және көлік-логистика салаларын қамтиды. Биылдың өзінде 12 жоба жүзеге асырылған. Шығыс Қазақстан облысындағы мыс балқыту зауыты мен Атыраудағы полипропилен зауыты солардың қатарында.

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА, ҚСЗИ  БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

2018 -2022 жылдар аралығында қалған 32 жоба іске асатын болады. Олардың жүзеге асырылуы Қазақстанның өңдеу саласының дамуына септігін тигізеді. Жаңа технологияларды пайдаланумен бірге жаңа өндірістердің салынуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына алып келеді.

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның орналасқан жері мен көлік-логистикалық әлеуетінің дамып, артуы тартылатын шетелдік инвестициялар көлемін ұлғайтуға зор мүмкіндік. Қазақстан мен Қытай басшылары 2020 жылға дейін екіжақты тауар айналымын 40 млрд долларға жеткізу жоспарын қойған болатын. Бірқатар бірлескен жобалар қолға алынды. Қазірдің өзінде елімізге Қытайдан келген инвестиция көлемі аз емес.

НАЙЛЯ ӘЛМҰХАМЕДОВА, ҚСЗИ  БӨЛІМ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

2009 жылдан бастап Қазақстанға экономикаға 12 млрд доллар инвестиция тартылған болатын. Негізінен өңдеу, мұнай, энергетика салаларына. Бағыттардың әркелкілігіне қарамастан, инвестициялар экономиканың дамуына өз септігін тигізеді.

Сарапшылардың айтуынша, «Жібек жолының экономикалық белдеуіндегі» Қазақстанның рөлі маңызды. Ол – Батыс пен Шығыс арасындағы байланысты қамтамасыз ету. Мәселен, «Қорғас – Шығыс қақпасы»  жобасы барша Еуразия өңірінен келген жүктер тиелетін экономикалық аймақ қызметін атқармақ. Белгілі журналист әрі жазушы Уэйд Шепард болашақта құрғақ порт өндіріс орталығына айналады деген пікірде.

УЭЙД ШЕПАРД, ЖУРНАЛИСТ, ЖАЗУШЫ:

«Қорғас – Шығыс қақпасы»  жобасына құны 200 млн доллар болатын құрғақ порт еніп отыр. Қазіргі таңда ол ең озық порттардың қатарында. Бұл орталық Қытайды ТМД елдерімен және Еуразиялық экономикалық одақпен байланыстырып отыр. Осының арқасында өңірдің дамуы қарқын алды. Қытайлық жеке инвесторлар жобаға 600 млн доллар инвестиция құюға ниетті.   

Қазақстан мен Қытай бағдарламаларының тоғысар тұсы – логистикалық орталықтарды құру және транзиттік-көліктік аймақты дамыту. Бұл бағытта да айтарлықтай нәтиже бар. Өткен жылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының қазақстандық бөлігінің құрылысы аяқталды. Мұнымен қоса, Ақтау теңіз портында құрғақ жүкке арналған 3  терминал іске қосылып, Құрық порты жұмысқа кірісті. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер