Ақмола облысындағы «Бестөбе» кен орнында биыл 3 бірдей кен байыту фабрикасы іске қосылады. Олардың жалпы құны 20 млрд теңгеден асады. Ал, қуаттылығы жылына 2 жарым млн тонна кенді өңдеп, одан 2 тонна Доре құймасын алуға жетерлік.

ОЛЕГ ХМУРОВ, КЕНШІ:

Біз алтынды өзіміздің Қазақстанның игілігі үшін деп алып жатырмыз. Бұл, әрине, кеншілер үшін үлкен мақтаныш. Десе де, жұмысымыз оңай емес. Бірақ, өзіме қатты ұнайды. Әйтпесе, шахтада 20 жыл бойы жүрмес едім ғой. 

Жалпы, «Бестөбе» кен орнында 1 жарым мың адам еңбек етеді. Әрқайсысының өзіндік міндеті бар. Олар қазір жылына 240 мың тонна кен өндіріп, оны өңдеуге жөнелтіп отыр. «Ал, жаңадан іске қосылған кенді жер астынан жоғарыға шығаратын жаңа қондырғы бұл көрсеткішті алдағы жылдары екі есеге арттыруға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

ӘДІЛХАН ҚАЛИЕВ, «ҚАЗАҚАЛТЫН» ТКК АҚ ӨКІЛІ:

Біз биыл жаңа кен байыту фабрикаларын іске қосамыз. Бұл нысандар бізге жалпы көлемі 6 тоннаға жуық алтын алуға мүмкіндік береді. Қазір олардың құрылысы 25 пайызға жетті.

Еліміздегі алтын өндірісінің басым бөлігін немесе 35,1 пайызын былтыр осы Ақмола облысы қамтамасыз етіпті. Жалпы, Қазақстанда соңғы жылдары алтын өндіру тұрақты түрде ұлғайып келеді. 2016 жылы 74,6 тонна өңделмеген және жартылай өңделген алтын өндірілген, оның жартысынан астамы аффинирленген таза алтын, деп хабарлайды energyprom.kz ресурсы. 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер