Елордада  «ABC Quick Start» акселерациялық бағдарламасының алғашқы кезеңі қорытындыланды.  Өткен жылдың күзінде қолға алынған тың бастама  стартап-компаниялар мен  жас инноваторлардың өнертабыстарын қолдауға бағытталған. Кәсіп ашып, не болмаса жеке ісінің іргесін кеңейтуге ниеттілерден 130 өтініш түсікен. Бүгінде іріктеуден іркілмеген 7 жоба жүзеге асырылыпты. Әрбірі 10 мың АҚШ долары көлемінде бастапқы қаржыландыру алды. 

АЙДАР ЖАҚЫПОВ, «НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІ» ААҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ   БАС ДИРЕКТОРЫ:

Бұл  бағдарламаның қорытынды кезеңі. Белсенді жастар бағдарлама жүзеге асқан үш айда  жеткен жетістіктерімен бөлісуде. Бұл Назарбаев Университеті мен Astana Business Campus инновациялық кластерінің алғашқы акселерациялық бірлескен бастамасы болып табылады.

Бағдарламаның мүмкіндіктерін қалт жібермегендердің бірі – Мәулен Ахметов. Оның «әлеуметтік дәмхана» жобасы жеңімпаздар қатарына ілікті. Қайырымдылыққа үндейтін бастама ұйымдастырушылар тарапынан жоғары бағасын алды. Назарбаев Университетінің студенті Астана қаласыда мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту орталығын ашқан.

МӘУЛЕН АХМЕТОВ, ЖОБА АВТОРЫ:

Бізге келген адамдарды оқытамыз. Жарымжан жандармен психолог мамандар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс жасайды. Сондай-ақ, арттерапия және еңбек терапиясынан өтеді. Басты мақсат – дәмханада қызмет көрсетудің қыр-сырына үйрету. Алдымен арнайы оқыту залында білім алады. Кейін бізде оқып-түйгенін дәмханаларда тәжірибе жүзінде пысықтайды. Біздің орталықта  кәсіби маман атанулары үшін бар жағдайлар қарастырылған

Сондай-ақ «ABC Quick Start»  бағдарламасы арқылы үздік жоба авторлары отандық және шетелдік бизнес шығу мүмкіндігін алады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер