«Астанадағы «EXPO»-ға 100 күн қалды. Токиода осындай атаумен брифинг өтті. Жапония елордадағы халықаралық көрмеге қызу дайындалып жатыр. Тіпті павильондарын жасауға әлемге әйгілі компанияларды іріктеп алған. Сондай-ақ, жапондықтар көрменің логосы салынған және қазақ елінің мемлекеттік туының элементі бар кимоно тіккен. Қазақстанның Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаевтың айтуынша, 1 қаңтардан бері жапон азаматтарына біздің елге кіруге визасыз режим енгізілгені туристер санын көбейтеді. Тіпті  «Астана ЕХРО» деген атаумен ашылған Жапонияның атақты әнші, артистерінен құралған фан-топ бар екен. Олардың репертуарында Қазақстан туралы әндер де бар.

Ұлыбритания елі де  «EXPO-2017» көрмесінің ашылуын асыға күтеді. Бұл туралы осы елдің сыртқы істер министрінің орынбасары Алан Данкан мәлім етті. Қазақстандық әріптестерін құттықтаған дипломат көрмені абыроймен өткізуге тілектестік білдірді. Алан Данкан «Алдағы кезде де екі ел арасында түрлі салалар бойынша тығыз қарым-қатынас орнайды»-деп сенім білдірді.

АЛАН ДАНКАН, ҰЛЫБРИТАНИЯ СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Ұлыбритания Қазақстанмен тығыз байланыс орнатуға әрдайым дайынбыз. Биыл жазда сіздің елге барамыз. Барлығымыз Астанада өтетін «EXPO-2017» халықаралық көрмесін асыға күтеміз.

Ал Қытай павильоны «EXPO» көрмесінде үздіктер қатарынан табылуы мүмкін. Бұл туралы ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов мәлімдеді. Қытай – күллі әлем көз тіккен көрмеге қатысуды  ресми растаған алқашқы елдердің бірі. Аспан асты елінің «Жасыл экономика» саласында бағындырған жетістіктері шаш етектен екенін атап өткен жөн. Елші Чжан Ханьхуэй отандастарының Астанада өтетін  бұл  шараға ерекше қызығушылық танытып отырғанын алға тартты. Қытай үкіметі Қазақстанға келушілерге қай-тұрғыдан да қолдау көрсетуге ниетті. «ЕХРО» көрмесінің ашылуына Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин қатысады.

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер