Ұшқыр диалог, астарлы әзіл арқылы өмір шындығы ұтымды берілген сюжет. Елордалық «Аттракцион әуесқойлар театры астаналықтар мен қала қонақтарының назарына  бродвейлік нақышта қойылған спектакль ұсынды. Кристофер Дуранганың танымал «Ваня мен Соня және Маша мен Спайк» атты  комедиялық туындысы ауқымды декорация, арнайы техникалық әрлеумен ерекшеленбейді.  Тәрбиелік маңызы зор танымдық  оқиғаның өзегі актерлік шеберлік арқылы жеткізіледі.  Сахна саңлақтарының мінсіз ойыны көрерменін орнына таңып, әзілдері күлкіге қарық қыла білді. Қойылым адамдарды жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренуге үндейді.  

ТАТЬЯНА ЛИПИНА, АКТРИСА:

Мен бұл қойылымды әзілдеп орамжапыраққа теңеймін. Бұлай дейтінім, біріншіден бұл туынды әрқилы бірнеше оқиғаны қамтиды. Қателеспесем, осы спектакльді 9-шы рет сахналадық. Әр кезде оқиға желісі алмасып тұрады. Шығарма қойылым сайын түрленіп, оның басқа қырларын ашуға тырысамыз. Бұл – менің актерлік жолымдағы аса күрделі әрі ең сүйікті спектаклім.  

Өзге театрларға ұқсамайтын бірегейлігімен ерекшеленетін өнер ұжымы 2011 жылы құрылды.  Жас та болса, дарынды өнерпаздар әр қойылымға өзіндік қолтаңбасын қалдырып келеді. Театр репертуарында мюзикл, комедиялық қойылымдармен қатар, драмалық шығармалар да бар. 

ИЛЬЯС ДАНЬЯРОВ, ТЕАТР ЖЕТЕКШІСІ:

Бізде өзге театрлардағыдай тұрақты труппа жоқ. Әр спектаклге елге танылып үлгермеген жас актерлерір іктеледі. Бұрыннан ойнап жүргендері кейінгі  қойылымдарға  қатысқысы келсе, жаңадан келген үміткерлермен бірге  жалпы жасақтау талаптарынан  өтеді.

Астаналық театр еліміздің әр аймағында өнерлерімен танылып жүр. Қазақстандықтардың ықыласына бөленген труппа енді  өзге мемлекеттерге шығып, шетелдік көрерменнің көңілін табуды жоспарлап отыр.

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Ұқсас жаңалықтар

Пікірлер