Әлемдік хореография жауһары саналатын кербез аққулар биін білмейтін адам кемде-кем. Елордада атақты композитор Петр Чайковскийдің аңызға айналған «Аққулар көлі» балеті қойылды. Ғасырдан астам тариғы бар классикалық туынды мыңға тарта өңдеуден өткен. Бұл үрдіске отандық өнер майталмандарының да қолтаңбасы қосылып отыр. «Астана Опера» театрының сахнасында «Аққу көлі» өзгеше тербелді. Қойылым қазақстандық хореографтардың көзқарасында ұсынылды.

ТҰРСЫНБЕК НҰРҚАЛИЕВ, ҚОЮШЫ ХОРЕОГРАФ:

Тек қана осы нұсқада біздің театрымызда жүреді. Сондықтан біз бұған қуаныштымыз. Өйткені біздің көрерменіміз басқа жерден көрген «Аққу көлін» салыстырғанда мүмкіншіліктері басқаша болады. Ылғи осында адам көп келетіні, менің ойымша, сондықтан да шығар.

Төрт актіден тұратын сырға толы сиқырлы туынды мазмұны түбегейлі бұрмаланған жоқ. Артистердің саны өзгеріп, үшінші бөлімде құрамы ұлғайды.  Би кешінде 32 аққу басты кейіпкерлердің көңіл-күйін бейнелейді. Жергілікті балетмейстерлер түрлеуіндегі нұсқа неополитандық билермен толықтырылған.

Жарықтың әсерімен  түрлі рең беретін актерлердің костюмдері елордалық өнер ошағынның тігін цехында әзірленіпті. Сахнаның бейнесі де алғаш рет қазақстандық декораторлардың қолымен жасалған.

Одетта-Одиллияның партиясы балерина үшін шеберліктің биік шыңы саналады. Бұл белесті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева бағындырды. Балерина нәзік жанды Одеттаны да, қызу қанды Одиллияны да шебер сомдай білді. 

МӘДИНА БАСПАЕВА, БАЛЕРИНА:

Ақ аққу мен қара аққу түстері айтып тұрғандай, мінездері мен жүріс-тұрыстары бір- біріне қарама-қайшы. Одеттаның бейнесінде өте ұстамды, төзімді, нәзік болуың керек. Мұндай аққудың деңгейіне кез келген биші жете бермейді. Ал екінші партия маған жақынырақ. Себебі бұл образ құштарлыққа толы, ойнақылық басым. Дегенімен, бір қойылымда қос бейнені сомдау мәртебесі бұйырды. Сенімді ақтап, көрермен көңілінен шығу үшін бар күш-жігерімді салып дайындалдым. 

Сан жылдар бойы сахнадан түспей келе жатқан шығарманың бірнеше  нұсқасы бар. Бойжеткен мен бозбаланың кіршіксіз сезімі сыр шертілетін балетің  негізіне  зұлым күштердің ықпалымен құсқа айналған ару қыз жайлы аңыз арқау болды. Сүйіктісін қайтару үшін ханзада Қарақұспен айқасқа түсетін оқиға әртүрлі аяқталады. Әдетте бас кейіпкерлерді теңіз жұтып, толқын алып кететіні белгілі. Қазақстандық нұсқада махаббат зұлымдықты жеңіп, ғашықтар бақыт құшады. Сиқыршының арам ниеті өзін жалмаған сәтінде көрермен 3D технологиясының әсерімен  көлдің толқынын сезіне алды. Жергілікті мамандар осылайша қазақ қашанда сұлулық пен тазалықтың нышанына балайтын киелі аққу құсының қадірін  жеткізуге тырысқан. 

 

Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз



Пікірлер